Кванттық ғылым күні: әлемдік технологияның жаңа кезеңі

Кванттық ғылым күні: әлемдік технологияның жаңа кезеңі
Фото: freepik.com

14 сәуірде аталып өтетін Дүниежүзілік кванттық ғылым күні – 65-тен астам елдің ғалымдарын біріктірген, кванттық ғылым мен технологиялардың маңызын кеңінен насихаттауға бағытталған жаһандық бастама, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Дүниежүзілік кванттық ғылым күнінде білім беру дәрістері, көрмелер, зертханалық экскурсиялар, панельдік пікірталастар, сұхбаттар, өнер жобалары сияқты өз іс-шаралары ұйымдастырылады.

QWorld халықаралық қауымдастық Дүниежүзілік кванттық ғылым күнінде алты онлайн дәріс және презентациямен атап өтеді.

Дәрістерді осы саладағы жетекші сарапшылар жүргізіп, олар көптеген тақырыптарды қамтиды. Қатысушылар осы саладағы соңғы әзірлемелер туралы білуге, сондай-ақ сұрақ қоюға және спикерлермен пікірталастарға қатысуға мүмкіндік алады.

Студенттерден бастап кәсіпқойларға дейін кванттық ғылым мен технология туралы көбірек білгісі келетіндердің барлығы баяндамаларға қатысуға шақырылады. Презентациялар онлайн режимінде қолжетімді, бұл бүкіл әлемдегі адамдарға қатысуға мүмкіндік береді.

Цифрлық компьютердің күші жет­пей­тін күрделі математикалық және ғылыми тапсырмаларды кванттық компьютер арқылы шешуге болады. АҚШ-тың «The Boston Consulting Group» жаһандық басқару консалтинг компаниясының сарапшылары кванттық технологияны жетілдірудің бетбұрыс кезеңі басталғанын, 2025-2026 жылдары кванттық компьютер пайда болатынын мәлімдеді. Бұған әлемнің ірі компаниялары қызығып отыр.

Қарапайым тілмен айтқанда, кванттық компьютер – кванттық механика заңын қолданатын есептеу машинасы. Ал кванттық криптография – цифрлық әлемде ақпаратты тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Яғни кибершабуылға тойтарыс бере алады. Бұл технология шифрлау мен деректерді өңдеудің жаңа әдісін ұсынады. Тіпті, кванттық криптография интернеттің сапасын арттыратын жаһандық стандартқа айналуы мүмкін. Сондықтан ғалымдар кванттық технология адамзаттың өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтеретініне сенеді.

Бұл пікірді әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Теориялық және ядролық физика кафедрасының меңгерушісі, физика-математика ғылымдарының докторы Медеу Әбішев те растады.

«Криптография – бұл ақпараттың қауіп­сіз берілуін қамтамасыз ету үшін қолданылатын шифрлау технологиясы. Яғни ақпаратты сұрыптауға қатысты алгоритм және ақпаратты шифрлау мен дешифрлеу үшін қолданылатын кілттер жиынтығы. Цифрланған заманда ақпараттың құпиялылығын, қауіпсіздігін сақтау маңызды. Бұған кванттық криптография кепілдік береді. Классикалық компьютерде күрделі алгоритмдік есептерді ұзақ уақыт шешетін болса, кванттық компьютерлер бірнеше секундта дұрыс жауабын береді. Бұл квант заңдылықтарына байланысты жүзеге асады. Айырмашылығы – қарапайым компьютерге бит, кванттық компьютерге кубит бөлшегі негіз болады», – деп келтірді Turkystan газеті ғалымның сөзін.

ХХ ғасырдың басында кванттық технология зерттеле бастады. Кванттық физиканың негізін неміс физигі Макс Планк қалаған. Ол 1900 жылы микроскопиялық бөлшектердің қозғалысы, әсерлесуі және түрленуі туралы теорияны ұсынды. 1925 жылы аустриялық физик Эрвин Шредингер атомдар шығаратын жарық спектрін сәтті сипаттаған тұжырымдасы кванттық физика туралы түсінікті кеңейтті.

ХХ ғасырдың 70 жылдары бұл технологияның теориялық негізі қаланып, ХХ ғасырдың аяғында, ХХІ ғасырдың басында алғашқы зертханалық үлгілер іске қосылды. Мұндай орталықтар коммерциялық қолдау таба бастады.

Жалпы, кванттық физика адамдардың күнделікті өмірін біржолата өзгертеді. Ядролық қару, лазерлер, МРТ және жартылай өткізгішті электроника – транзистор мен жарықдиодтардан бастап компьютер, смартфон мен интернеттің дамуына кванттық механиканың әсері зор. Бүгінгі ноутбук пен смартфонның экранына қуат беретін жарық диоды, лазерлік жарық кванттық технологияның қарапайым көрінісі саналады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ғарыш саласы туралы Еуразия ұлттық университетінің Ғарыштық техника және технологиялар кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Асыл-Дастан Базарбекпен сұхбат құрған болатынбыз.