Елімізде педагогтерді аттестаттау жүйесі өзгереді
Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттау жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жүргізіліп жатқан реформалардың негізгі мақсаты - педагог еңбегін әділ әрі ашық бағалау жүйесін қалыптастыру, артық талаптар мен негізсіз қаржылық шығындарды қысқарту.
Жаңа аттестация педагогтердің жұмыс нәтижелеріне негізделеді әрі барынша түсінікті, объективті форматқа көшіріледі.
«Негізгі өзгеріс - педагогтердің білімін бағалау тесті толығымен тоқтатылады. Тестілеуден педагогикалық мамандық бойынша оқу орындарын аяқтап келген жас мамандар, педагогикалық өтілін тоқтатып, қайта жұмысқа орналасуға ниет білдірген педагогтер өтеді. Және ПББ тесті білім беру ұйымдарының басшылары, басшы орынбасарлары, әдістемелік орталық (кабинет) әдіскерлері үшін де сақталады», делінген хабарламада.
Бұл өзгерістер 2027 жылдан бастап енгізілетін аттестаттау жүйесіне байланысты болады.
Қазіргі уақытта педагогтерді аттестаттаудың жаңа форматының қағидалары әзірленуде.
Еске салсақ, Президент білім сапасын арттыру және мектептердегі орын тапшылығын азайтуды тапсырған болатын.