«Қазақстан халқына» қорының қамқоршылық кеңесі 134 қайырымдылық жобасын бекіткен

«Қазақстан халқына» қорының қамқоршылық кеңесі 134 қайырымдылық жобасын бекіткен

Президент «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрайымы Ләззат Шыңғысбаеваны қабылдады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Қазақстан халқына» қоры қызметінің нәтижелері және іске асырып жатқан қайырымдылық бастамалары туралы мәлімет берілді.

Ләззат Шыңғысбаеваның айтуынша, қордың қамқоршылық кеңесі әлеуметтік маңызы зор міндеттерді шешуге бағытталған 134 қайырымдылық бағдарлама мен жобаны бекіткен.

Ол қордың білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет салаларында ауқымды шаралар атқарып жатқаны жөнінде баяндады.

Атап айтқанда, онкологиялық қызметке қолдау көрсетіліп, медициналық ұйымдар заманауи құрылғылармен, соның ішінде сәулелік терапияға арналған қондырғылармен жабдықталды. Сондай-ақ өңірлерде оңалту инфрақұрылымы жаңғыртылып, мамандандырылған көмек көрсету жолға қойылды.

Білім беру бастамаларына ерекше назар аударылып отыр. Гранттар тағайындалып, ауылдық және шағын жинақты мектептерді дамыту жобалары жүзеге асырылып жатыр. STEM-білім беру мен цифрлық шешімдер секілді заманауи оқу бағдарламалары енгізілуде. Балалар мен жастардың қосымша және озық біліммен қамтылуына, жасанды интеллект саласын игеруіне баса мән берілген. Осы орайда аймақтарда білімнің қолжетімді болуына ден қойылған.

Бұдан бөлек, спорт инфрақұрылымын жетілдіру, инклюзивті спорт орталықтарын құру жобалары қолға алынған.

Мемлекет басшысы қайырымдылық шараларын ашық, жүйелі әрі мақсатты түрде іске асырудың маңызына тоқталып, бұл бастамалар халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға үлес қосып отырғанын жоғары бағалады.