Астанада үш жүк көлігінің жүргізушісі қамауға алынды

Астанада үш жүк көлігінің жүргізушісі қамауға алынды
Фото: Астана қаласы Полиция департаменті

Елордада «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында құрылыс қалдықтарын заңсыз төгуге жол бермеу бағытындағы жұмыс кезінде құқық қорғау органдарының заңды талаптарын елемеу жағдайын тіркеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz. Астана қаласы Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Мәселен, қалаға кіреберісте 39 жастағы жүргізуші басқарған HOWO SINOTRUK жүк көлігі тоқтатылды. Алайда ол полицейдің талабына бағынбай, жол қозғалысын жалғастырған. Түсіндіру жұмысы жүргізілгеніне қарамастан, жүргізуші талаптарды елемей, жолдың жүріс бөлігіне ұсақ тастарды төгіп, жол қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, жол жабынына зиян келтірген. Сот шешімімен оған 18 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.

Сонымен қатар түнгі уақытта Астрахань тас жолы маңынан тексеру кезінде екі жүк көлігі тоқтатылды. Жүргізушілер тексерістен өтуден бас тартқан. Көп ұзамай оқиға орнына олардың басшысы – «АРЕ» компаниясының иесі келіп, полиция қызметкерінің заңды талабына көмектесудің орнына, жүргізушілерге әдейі жүк көлігіндегі топырақты жолдың үстіне төгу туралы нұсқау берген. 

Олар полиция қызметкерлеріне ашық түрде бағынбай, жолға зиян келтірген. Жүргізушілер жолды бүлдіргені үшін және басшысымен бірге полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбағаны үшін жауапқа тартылды. Сот шешімімен олардың әрқайсысына 15 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.

Астана қаласы Полиция департаменті полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбау – өрескел құқық бұзушылық екенін және оған қатаң жауапкершілік көзделгенін ескертеді.

Еске сала кетсек, Астанада заңсыз қоқыс төккен жүргізушілер жауапқа тартылды.