Астанада заңсыз қоқыс төккен жүргізушілер жауапқа тартылды

Бүгін, 14:24
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада заңсыз қоқыс төккен жүргізушілер жауапқа тартылды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астана аумағында өтіп жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында қоршаған ортаны қорғау және қала тазалығын сақтау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кезекті рейдтік іс-шара барысында полиция қызметкерлері белгіленбеген орындарға құрылыс және тұрмыстық қалдықтарды заңсыз төккен екі КамАЗ жүк көлігінің жүргізушілерін анықтады. Аталған құқық бұзушылықтар қала аумағында тіркеліп, жүргізушілердің абаттандыру қағидаларын өрескел бұзғаны белгілі болды.

Осы фактілер бойынша құқық бұзушыларға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылып, тиісті шаралар қабылданды.

Полиция департаменті ескертеді: белгіленбеген орындарға қоқыс төгу – қоршаған ортаға елеулі зиян келтіретін құқық бұзушылық. Мұндай әрекеттер үшін заңнамада әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Елорда полициясы қала тұрғындары мен жүргізушілерді тазалық мәдениетін сақтауға, қалдықтарды тек арнайы рұқсат етілген орындарға шығаруға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырады. Тазалық – әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі.

Айта кету керек, «Таза Қазақстан» акциясы аясында құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың алдын алу жұмыстары алдағы уақытта да күшейтілген тәртіпте жалғасады.

Бұған дейін елордада ойын-сауық орындары мен қоғамдық қауіпсіздікке бақылау күшейтілгенін жаздық.