«Заң мен тәртіп»: елордада ойын-сауық орындары мен қоғамдық қауіпсіздікке бақылау күшейтілді
«Заң мен тәртіп» қағидаты және «Айқын нәтиже» жобасы аясында елорданың «Сарыарқа» ауданында ауқымды рейдтік іс-шаралар өткізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Негізгі назар ойын-сауық орындарындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталды. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандардың болуы, есірткіні сақтау мен тарату деректері, сондай-ақ қорқор (кальян) қолдану фактілері тексерілді.
Іс-шараға 100-ден астам адам жұмылдырылды. Олардың қатарында құқық қорғау органдарының қызметкерлері, аудандық прокуратура өкілдері, аудан әкімдігі аппараты және еріктілер бар.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, рейд нәтижесінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 441-бабы бойынша 6 мекеме әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Түрлі құқықбұзушылық үшін 150 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Сарыарқа» ауданында жүргізіліп жатқан осындай кешенді рейдтік іс-шаралар - ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Әсіресе, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіптің сақталуы басты назарда.
Бүгінгі таңда қоғамда заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру аса маңызды. Осы ретте «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында атқарылып жатқан жұмыс құқықтық сананы арттыруға, жастарды жауапкершілікке баулуға және қауіпсіз орта қалыптастыруға ықпал етеді.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады», - деді «Сарыарқа» ауданы әкімі аппаратының ішкі саясат бөлімі басшысы Дамир Хисматуллин.

Айта кету қажет, заңнамаға сәйкес кәмелетке толмағандардың сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық орындарында, ал 23:00-ден кейін көшеде заңды өкілдерінсіз жүруіне жол берілмейді. Бұл талаптар рейдтік іс-шаралар барысында ерекше бақылауда болды.
Сонымен қатар аудан аумағындағы жеке секторларда түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тұрғындарға тұрмыста өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, оның ішінде жылу құралдары мен электр жабдықтарын пайдалану ережелері бойынша профилактикалық кеңестер берілді.





Еске салайық, бұған дейін елордадағы санитарлық жағдайды жақсарту мақсатында Астана қаласы Полиция департаменті «Таза Қазақстан» акциясын өткізіп жатқаны туралы жаздық.