Ақтөбеде TikTok үшін көліктің үстіне шығып видео түсіргендер жауапқа тартылды

Бүгін, 16:48
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Ақтөбеде TikTok үшін көліктің үстіне шығып видео түсіргендер жауапқа тартылды
Фото: видеодан скриншот/Ақтөбе ПД

13 сәуірде Ақтөбе қаласы Тәуелсіздік даңғылы бойында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу дерегі тіркелді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақтөбе облысының Полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

TikTok әлеуметтік желісінде жарияланған бейнежазбада Hyundai Tucson маркалы автокөліктің жолаушысы көлік қозғалысы кезінде оның төбесіне шығып алғаны көрінеді.

«Аталған әрекет жол қозғалысы ережелерін бұзу болып табылады және қатысушылардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіреді. Мұндай жағдайлар ауыр жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін. Қазіргі уақытта жастар арасында әлеуметтік желіде танымал болу мақсатында қауіпті әрекеттерге бару жиілеп отыр. Алайда мұндай «хайп» үшін тәуекел ету орны толмас салдарға әкелуі мүмкін екенін ескеру қажет. Полиция қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында тәулік бойы қызмет атқарып қана қоймай, әлеуметтік желілерге де тұрақты мониторинг жүргізеді. Нәтижесінде құқық бұзушылықтар дер кезінде анықталып, тиісті шаралар қабылдануда. Аталған факті бойынша тексеру жұмыстары жүргізілді. Құқық бұзушылар анықталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды», - деп хабарлады Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі.