Астанада «CYCLELAB: Болашақ экологиясы» байқауының жеңімпаздары анықталды
Астанада «CYCLELAB: Болашақ экологиясы» студенттік жобалар байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Байқауды Қазақстанның қайта өңдеушілер қауымдастығы мен «Жасыл даму» АҚ ұйымдастырып, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Тұрақты даму орталығымен бірлесіп өткізді. Іс-шара «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында жүзеге асырылды. Бас демеуші - Банк ЦентрКредит. Салтанатты жиынның құрметті қонағы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Алиев болды.
Байқауға Астана қаласы, Ақмола және Қарағанды облыстарынан 16-30 жас аралығындағы колледж және жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Қатысушылар алты негізгі бағыт бойынша жобаларын ұсынды:
қалдықтарды қайта өңдеу технологиялары
бөлек жинау шешімдері
ақылды сұрыптау жүйелері
экологиялық қаптама дизайны
есеп пен логистикаға арналған цифрлық құралдар
экологиялық ағартушылық бастамалар
Іріктеу қорытындысы бойынша финалға үздік командалар өтіп, қалдықтарды басқару саласындағы инновациялық әрі тәжірибеге бағытталған шешімдерін таныстырды. Байқаудың жалпы жүлде қоры 3 700 000 теңгені құрады.

Байқау жеңімпаздар келесідей болды:
1 орын (1 500 000 теңге) «ReLife» жобасы - Астана медицина университетінің командасы: Диас Егимбаев және Абылай Күмісбек. Бұл жоба медициналық пластик қалдықтарды құрылыс материалдарына айналдыруға бағытталған ESG-инициатива.
2 орын (600 000 теңге) «DualValue Carbon» жобасы - Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ студенті Сүлеймен Бақытов. ПЭТ-пластикті натрий-селен аккумуляторларына арналған көміртекті материалға айналдыру технологиясы.
2 орын (600 000 теңге) «EcoKids» жобасы - Назарбаев Университетінің студенті Жасұлан Төлеубеков. Балаларға арналған экологиялық білім беру платформасы.
3 орын (500 000 теңге) «Coil Soil» жобасы - Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің командасы: Юлия Куликова және Виолетта Гапич. Жоба күл мен өсімдік қалдықтарын органоминералды компостқа айналдырып, топырақты жақсартуға мүмкіндік береді.
3 орын (500 000 теңге) «QarEnergy» жобасы - ЕҰУ командасы: Самира Ахметова, Айдана Ақпарова, Гүлназ Ыдырыс. Қар мен қоршаған орта арасындағы температура айырмашылығын пайдаланып электр энергиясын өндіру жүйесі.



«Бүгін біз Қазақстан жастарының экологиялық мәселелерді шешуге белсенді қатысып, нақты әрі технологиялық шешімдер ұсынып жатқанын көріп отырмыз. Мұндай бастамалар экологиялық ойлауды қалыптастырып, еліміздің жасыл экономикасының негізін қалайды», - деді «Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Қабдолданов.
«CYCLELAB: Болашақ экологиясы» байқауы жас таланттарды анықтап, қолдауға арналған маңызды алаңға айналды. Ұсынылған жобалар болашақта нақты іске асатын шешімдер болуы мүмкін.
Негізгі мақсат - экологиялық жауапты қоғам қалыптастыру және ел болашағына бағытталған инновацияларды қолдау.