Ішкі істер министрі үздік спортшыларды марапаттады

Бүгін, 09:57
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Ішкі істер министрі үздік спортшыларды марапаттады
Фото: ІІМ

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларды марапаттады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Марапатталғандардың қатарында ІІМ-нің ARLAN спорт клубының мүшелері – Нұрбек Оралбай мен Айбек Оралбай бар. Олар Ұлан-Батыр қаласында өткен бокстан Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ Қазақстан ұлттық құрамасы 13 медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді.

Бішкек қаласында өткен күрестен Азия чемпионатында Гүлмарал Еркебаева Оңтүстік Корея спортшысын жеңіп, қола жүлдегер атанды.

Сонымен қатар ведомство қызметкерлері де жоғары нәтиже көрсетті. Күштік құрылымдар арасында өткен Қазақстан Республикасының қазақ күресінен чемпионатында ІІМ құрамасы жалпыкомандалық есепте сенімді түрде бірінші орынды иеленіп, барлық 8 алтын медальдің төртеуін жеңіп алды.

Өз салмақ дәрежелері бойынша чемпион атанғандар:

– 55 келіге дейін – Архат Баймурзин;

– 82 келіге дейін – Мәди Амангелді;

– 90 келіге дейін – Еламан Қойшыбаев;

– 100 келіден жоғары – Санжар Жабборов.

«Құрметті «арландықтар»! Сіздер еңбектеріңізбен, табандылықтарыңызбен және мықты рухтарыңызбен Қазақстанды халықаралық аренада лайықты танытып келесіздер. Сіздердің жеңістеріңіз – ел мерейі әрі Отанға адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Алдағы уақытта да толағай табыс, жаңа жетістіктер мен жарқын жеңістер тілеймін», – деп атап өтті министр.

ARLAN клубының спортшылары алдағы уақытта да ведомство мен ел намысын ірі республикалық және халықаралық жарыстарда қорғап, ішкі істер органдары қызметкерлерінің жоғары дайындығы мен жауынгерлік рухын дәлелдей бермек.

Еске салсақ, Қазақстан боксшылары Азия чемпионатында топ жарды.