Қазақстан боксшылары Азия чемпионатында топ жарды

10 сәуір, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
Қазақстан боксшылары Азия чемпионатында топ жарды
Фото: Туризм жəне спорт министрлігі

Моңғолияның Ұланбатыр қаласында өткен ересектер арасындағы бокстан Азия чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм жəне спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Финалдық жекпе-жектер нәтижесінде Қазақстан құрамасы кезекті, алтыншы алтын медалін жеңіп алды.

«Ерлер мен әйелдер арасындағы нәтижелерді біріктіргенде, қазақстандық боксшылар жалпыкомандалық есепте бірінші орынға көтерілді. Ұлттық құрама қоржынына барлығы 13 медаль түсті: 6 алтын, 2 күміс және 5 қола», - делінеді хабарламада.

Азия чемпиондары атанған спортшылар: Надежда Рябец (-80 кг), Дина Исламбекова (+80 кг), Оразбек Асылқұлов (-60 кг), Сабыржан Аққалықов (-75 кг), Нұрбек Оралбай (-85 кг), Айбек Оралбай (+90 кг).

Күміс жүлдеге ие болғандар: Бақыт Сейдіш (-70 кг) және Төрехан Сабырхан (-70 кг).

Қола медаль иегерлері қатарында Айгерім Сәттібаева (-48 кг), Валентина Хальзова (-75 кг), Махмұд Сабырхан (-55 кг), Ертуған Зейнуллинов (-65 кг) және Сағындық Тоғамбай (-90 кг) бар.

Жалпы есепте екінші орынды Үндістан құрамасы (5 алтын, 3 күміс, 8 қола) иеленсе, үшінші орынға Өзбекстан командасы (3 алтын, 4 күміс, 4 қола) тұрақтады. Сондай-ақ, биылғы чемпионатта барлығы 14 елдің боксшысы жүлдеге қол жеткізді.

Еске салсақ, Мемлекет басшысы бокстан Қазақстан ұлттық құрамасын Ұланбатырда өткен Азия біріншілігінде табысты өнер көрсетуімен құттықтады.