«2 күнде өзгерген жаттығу»: Меруерт Балғынбаева әлем кубогындағы сенсация туралы
Көркем гимнастикадан Ташкентте өткен әлем кубогында қазақстандық спортшылар топтық жаттығудан күміс жүлдеге ие болды. Бұл нәтиже жанкүйерлер үшін де, мамандар үшін де күтпеген жаңалық болды. Осы орайда Elordainfo.kz тілшісі елордалық бапкер Меруерт Балғынбаевамен сұхбаттасып, тарихи жетістіктің құпиясын білді.
- Ташкенттегі жеңістеріңіз құтты болсын. Сіздер үшін күміс жүлде тосын сый болды ма?
- Әрине, біз үздік үштікке ілінеміз деп үміттендік. Бірақ қарсыластар құрамына қарасаңыз, бәрі түсінікті болады: Олимпиада чемпионы Қытай, әлем чемпионы Жапония, күміс жүлдегер Бразилия, Ресей сынды алпауыттар қатысты. Сондықтан нәтижені сенсация деп толық айтуға негіз бар.
Ең қызығы - біз жаттығу бағдарламасын жарысқа небәрі 2 күн қалғанда өзгерттік. Әдетте жаңа жаттығуға толық бейімделу үшін бір жылдай уақыт қажет. Бірақ тәуекелге бардық. Себебі бұрынғы бағдарламамыз төрешілерге толық түсінікті болмады. Қазіргі сәттегі мақсатымыз – мамыр айында Бішкекте өтетін Азия чемпионатына дайындалу. Ал әлем кубогында жүлденің болуы біздің сенімімізді одан сайын арттыратыны сөзсіз.
- Әлем кубогындағы жетістіктеріңізден кейін Азия чемпионатында да басты фавориттердің қатарына кіресіздер ғой?
- Ташкенттегі оң нәтижемізден кейін жаңа бағдарламамызды қалдыруға шешім қабылдадық. Бірақ әлі де жаттығуымызды күшейтіп, жылдамдықты арттыруға назар аударамыз. Бізден бөлек, Қытай, Жапония, Өзбекстанды да есептен шығармаймыз. Олар да Қазақстаннан қауіптенеді деп ойлаймын.
- Ташкенттегі жетістіктен кейін алдағы екі әлем кубогының кезеңінен де көпшіліктің үміт күтетіні анық. Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
- Өкінішке қарай, топтық жаттығудан енді әлем кубогына қатыспаймыз. Басты назарымыз – Азия және әлем чемпионаты. Одан кейін Олимпиада ойындарынан кейін екінші ірі жарыс саналатын жазғы Азия ойындарына жоғары мақсат қойып отырмыз.
- Әлеуметтік желіде әлем Кубогында бірінші рет отандық маманның баптауымен гимнасшыларымыз жүлде алды деп жазып жатыр. Бұл ақпарат қаншалықты рас?
- Тек әлем кубогы ғана емес, бұған дейін де бірнеше тарихи көрсеткіштердің авторы атанып келе жатырмын. 2025 жылы Ақмарал Ерекешева жасөспірімдер арасында 2 дүркін әлем чемпионы атанды. Топтық жаттығудан Сингапурда алғаш рет Азия чемпионы болды. Жасөспірімдердің жазғы Олимпиадасында да жүлде бұйырған.

- Әлем Кубогының алдағы кезеңдерінде Ақмаралға мүмкіндік беріле ме екен?
- Ақмарал биыл 16 жасқа толды. Енді толықтай ересектер сапында сынға түсе алады. Енді 17-19 сәуір аралығында Бакуде өтетін әлем кубогының үшінші кезеңіне қатысып, өзінің кумирлерімен сайысқа түседі. Одан бөлек, Азия, әлем чемпионаттары мен жазғы Азия ойындарында да жүлдеге таласады. Бірақ Ақмаралды қазірден жүлде алуға асықтырмағанымыз жөн. Барлығы өз уақытымен болады.
- Биылғы әлем Кубогының ерекшелігі - Ресей спортшыларының жарысқа жіберілуі болды. Олардың келуі бәсекелестікке әсер етіп жатқаны байқала ма?
- Франциядағы Гран-при жарысында Ресей мен Беларусь елдерімен бірге жүлдеге таластық. Біз өзімізді өзгелерден төмен деп санамаймыз. Қандай ел болса да, соңына дейін жүлдеге таласуға дайынбыз.

- Көркем гимнастикадан ұлттық құраманың тізіміне назар аударсақ, жеке және топтық жаттығуда да сіздің шәкірттеріңіз халықаралық турнирлерде жүлде алып жүр. Осы жөнінде айтып берсеңіз?
- Ересектер арасында ұлттық құрамаға берілетін 11 орынның 10-ы Астана қаласының спортшыларына тиесілі. Бұл елордадағы бапкерлердің деңгейі мықты дегенді білдіреді. Әйтсе де мен елорданың емес, қазақтың көк туын желбірегенін қалаймын. Өзімнің бапкер ретіндегі мақсатым – менен кейінгі жас бапкерлерге үлгі көрсетіп, шетелдік мамандарсыз да жетістікке жете алатынымызды дәлелдеу.
- Сұхбатыңыға рахмет!
