«ҚазТемірТранс» АҚ-ның бұрынғы вице-президентіне қатысты тергеу жүргізіліп жатыр - ҚМА
Қаржылық мониторинг агенттігі «ҚазТемірТранс» АҚ-ның бұрынғы вице-президенті А.А.Капеновке қатысты қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалану және ақша қаражатын жымқыру фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Тергеу амалдарына сай, А.А. Капенов қызметтік жағдайын пайдалана отырып, жүк вагондарын басқару қызметтерін көрсету кезінде байланысы бар компанияларға заңсыз артықшылықтар жасаған.
Салдарынан «ҚазТемірТранс» АҚ-ға 5,2 млрд теңгеден астам мөлшерде залал келтірілген.
Қазіргі уақытта А.А. Капенов халықаралық іздеуге жарияланған. Сотпен оған қатысты «қамауда ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған.
«Келтірілген залалды өтеу және заңсыз алынған активтерді қайтару мақсатында Бас көлік прокуратурасы «Достық» станциясындағы терминалды сотқа дейін тәркілеу туралы өтініш жолдаған.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының қаулысымен аталған мүлік мемлекет кірісіне өткізілді», - делінген хабарламада.
Тергеу жалғасуда.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жариялауға жатпайды.
Айта кету керек, мүлікті тәркілеу Қазақстан Республикасының көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасын іске асыруға ықпал етеді.
Еске салайық, бұған дейін Boxy Wealth қаржы пирамидасына қазақстандықтар 110 млн теңге қаржы салғаны туралы жаздық.