Boxy Wealth қаржы пирамидасына қазақстандықтар 110 млн теңге қаржы салған

Boxy Wealth қаржы пирамидасына қазақстандықтар 110 млн теңге қаржы салған
Фото: freepik.com

Алматыда Boxy Wealth қаржы пирамидасына қатысты тергеу аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Тергеуді агенттіктің Алматы қаласы бойынша департаменті жүргізді.

«Пирамида boxywealth.com сайты мен мессенджерлерде жұмыс істеген. Соның ішінде «Күнделікті табыс» чатында бастапқыда халық тұтынатын тауарлар туралы ақпарат таратылып, кейін азаматтарды инвестициялық платформаға тарту жүргізілген.

Қатысу үшін пайдаланушы түрлі пакеттің бірін сатып алып, күн сайын жарнамалық материалдарды қарау ұсынылған. Бұл ретте тәулігіне 5%-дан 10%-ға дейін табыс уәде етілген. Сонымен қатар жаңа қатысушыларды тартқаны үшін бонус берілетін рефералдық жүйе жұмыс істеген.
Қаражаттарды қабылдау жеке тұлғаның (дропперлердің) банк шоты арқылы жүргізіліп, кейін P2P операциялар арқылы криптовалютаға аударылған», делінген хабарламада. 

Сенім қалыптастыру үшін компания тіркеліп, кеңсе ашылған, жарнамалық жұмыс жүргізілген, «табыс» көрсеткіші көрсетіліп, салымшыларға кеңес беру ұйымдастырылған. Салдарынан 78 жәбірленуші қаржы пирамидасына 110 млн теңгеден астам қаражат салған.

Күдіктінің бір жыл бойы Алматы қаласы аумағында осы жобаның құрылымдық бөлімшесін басқарғаны анықталды. Сот санкциясымен оның Алматыдағы жер учаскесіне тыйым салынды. Қазір қылмыстық іс сотқа жолданды. 

Еске сала кетсек, Алматыда NBC TV қаржы пирамидасына қатысты тергеу жүргізілді.