Ұлттық құрама спортшыларына заманауи спорттық киімдер табысталды
Отандық спортшылар Туризм және спорт министрлігі енгізген жаңартылған тәсіл аясында жоспарлы түрде спорттық жабдықтармен қамтамасыз етілуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кезекті спорттық киімдер жиынтығы Түркістан қаласында ескек есу спорт түрлері бойынша ұлттық құрамаларға табысталды. Атап айтқанда, байдарка мен каноэде есу, сондай-ақ академиялық есу бойынша спортшылар толық жиынтыққа ие болды. Жиынтық құрамына жарысқа арналған форма, жаттығу және жарысқа дайындыққа қажетті киімдер кіреді. Бұл жазғы және қысқы маусымдарға арналған барлық қажеттіліктерді қамтиды.
«Жабдықтар халықаралық Under Armour брендімен әзірленіп, ұлттық құрамаларды қамтамасыз етудің жаңа стандарты аясында ұсынылуда», делінеді хабарламада.
Айту керек, бұған дейін мұндай толық жиынтықтар семсерлесу, жеңіл атлетика, бокс, күрес түрлері, нысана көздеу, су добы, дзюдо және өзге де спорт түрлері бойынша ұлттық құрамаларға берілген болатын.
Министрлікте сондай-ақ аталған бастама спортшыларға сапалы дайындық жағдайын жасауға және халықаралық аренадағы нәтижелерін арттыруға бағытталғанын атап өтті.


Еске салсақ, Әлем кубогында күміс жүлде жеңіп алған елордалық спортшылар елге оралды.