Елордада оқушыларға жолдағы қауіпсіздік ережелері түсіндірілді
Астана қаласындағы Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гимназияда оқушыларға қоғамдық көліктегі жауапкершілік пен жол ережесі қауіпсіздігі түсіндірілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылған іс-шара Астана қаласы әкімдігінің Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы бастамасымен, Астана қаласының Полиция департаменті және «City Transportation Systems» ЖШС-мен бірлесіп өткізілді.
Оқушыларға жол қауіпсіздігі тәжірибелік тұрғыдан да түсіндірілді. Полиция қызметкерлері балалармен бірге мектеп маңындағы жаяу жүргіншілер жолы мен аялдамаларға шығып, жолдан қауіпсіз өту ережелерін көрсетті. Сонымен қатар, арнайы әзірленген бейнероликтер арқылы түрлі жағдайлар мысалға келтіріліп, қауіптің алдын алу жолдары айтылды. Полиция қызметкерлері оқушыларға түрлі сұрақ қойып, олардың білімін тексеріп, дұрыс әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға басымдық берді.
«Оқушылардың мектептен үйге дейінгі, немесе керісінше мектепке дейінгі жолында түрлі жағдай орын алуы мүмкін. Қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін біз түсіндіру және практикалық жұмыстарды қатар жүргізіп келеміз», – деді полиция майоры Қылыш Жүнісов.

Ал City Transportation Systems компаниясының мамандары арнайы жабдықталған автобус ішінде қоғамдық көлікті пайдалану тәртібін іс жүзінде көрсетті. Оқушылар көлікке дұрыс отыру, жолақыны төлеу және қоғамдық орында өзін-өзі ұстау мәдениетімен танысты.
Мамандардың айтуынша, 7 мен 17 жас аралығындағы оқушылар үшін қоғамдық көлікте жол жүру тегін. Алайда бұл мүмкіндік мектеп картасы болған жағдайда ғана жүзеге асады. Соған қарамастан, қалада 400 мыңға жуық оқушы болса, жыл сайын олардың тек 30–40 мыңы ғана жол картасын алады.

«Жыл сайын мұндай іс-шаралар өткізіліп келеді. Басты мақсатымыз – жолаушылардың және жол-көлік оқиғаларындағы қауіпсіздікті арттыру. Көп оқушы төлем жасауды немесе жол картасын алуды білмейді. Сонымен қатар адасып, жоғалып кетуі жиі кездеседі, әсіресе бастауыш сынып оқушылары арасында бұл жағдай көп кездеседі. Осыған байланысты қала мектептерінде түсіндіру жұмысын жүргізіп жатырмыз. Жоспар бойынша ай сайын 12–15 мектеп қамтылады»,– деді Көліктік бақылау департаменті директорының орынбасары Райымбек Қабиболла.

Қауіпсіздік мәселесі тек жол ережелерімен шектелмейді. Күн сайын қала бойынша 10–15 балаға іздеу жарияланатыны алаңдатарлық жағдай. Жыл басынан бері балаларды іздестіруге қатысты 1 353 өтінім түскен. Осындай жағдайда мектеп картасының маңызы зор. Себебі тіркелген карта арқылы баланың қозғалысын анықтап, оны тез табуға мүмкіндік бар.

Іс-шара соңында белсенділік танытқан оқушылар марапатталып, олардың қауіпсіздікке деген жауапкершілігін арттырды.


