Премьер-министр орнықты экономикалық өсімге қол жеткізу үшін күш жұмылдыруды тапсырды
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жаһандық экономикалық және геосаяси ахуалға байланысты қолданыстағы барлық ішкі резервтерді толық пайдалану қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Қазіргі жаһандық экономикалық және геосаяси ахуал барлық елдерге әсер етіп отыр.
Біз жыл соңына дейін 5%-дан жоғары деңгейде орнықты экономикалық өсімге қол жеткізу үшін бар күшімізді жұмылдыруымыз қажет.
Шикізаттық емес секторда тұрақты өсім байқалып отыр. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 8,5%-ға өсті. Аталған оң үрдісті жалғастыра отырып, қолдағы барлық резервтерді толық пайдалану керек», - деді Олжас Бектенов.
Жобаларды жүзеге асыру және нақты нәтижелерге көшу кезінде тиімділікті арттырудың маңыздылығына баса назар аударылды.
«Бәсекелестік күннен күнге күшейіп келеді. Бос әңгімені доғаратын уақыт келді. Нақты іспен айналысу керек. Ірі өнеркәсіп және инфрақұрылым жобаларын жүзеге асырып, барлық салаға жасанды интеллектіні енгізу керек. Қаржылық тәртіпті қатаң сақтап, әлеуметтік қамсыздандырудың әділетті жүйесін қалыптастыру қажет. Қазіргідей бәріне бірдей емес, мемлекет шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана қолдау көрсетуге тиіс», - деп атап өтті Премьер-министр.
Бұған дейін Олжас Бектенов бірқатар облыста макроэкономикалық көрсеткіштердің жалпы өсуімен жекелеген бағыттар бойынша төмендеу тіркелгенін атап өтті.