Астанада заманауи подкаст-студия ашылды
Астананың Есіл ауданында «Amanat» партиясының «BELES холдинг» бастауыш партия ұйымының бастамасымен заманауи подкаст-студия ашылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Жаңа студия — маңызды тақырыптарды ашық талқылайтын, пікір алмасуға мүмкіндік беретін және жаңа идеялар мен бастамалар туындайтын заманауи алаң. Мұнда қоғамды толғандырған мәселелер көтеріліп, нақты ұсыныстар мен шешімдер ұсынылады.
Подкаст форматында жүзеге асатын жобалар арқылы атқарылған жұмыстар мен олардың нәтижелері кеңінен насихатталады. Бұл өз кезегінде ашықтықты арттырып, тұрғындармен кері байланысты жаңа деңгейге көтереді.
Есіл ауданы бойынша «Amanat» партиясының төрағасы Санира Жүсіпова «BELES холдинг» командасына ауданның дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, мұндай бастамалардың маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, жаңа студия халықпен тікелей әрі жедел байланыс орнатудың тиімді құралына айналады.
Ашылу салтанатына әкім орынбасарлары, депутаттар, блогерлер мен БАҚ өкілдері қатысты. Қонақтар қатарында танымал журналистер Айгүл Мүкей мен Санди Сұлтан да болды. Олар жобаға сәттілік тілеп, сапалы әрі мазмұнды контент қалыптастыруға тілектестік білдірді. Сондай-ақ партия хатшысы Александр Данилов сөз сөйлеп, қоғаммен коммуникацияның заманауи форматтарының маңыздылығын атап өтті.
Алдағы уақытта бұл студия мазмұнды диалогтардың, сараптамалық сұхбаттардың және қоғамдық маңызы зор бастамалардың орталығына айналып, аудан өміріне жаңа серпін береді деп күтілуде.