Жолсерік пойызда 9 жасар баланың өмірін сақтап қалды


«Алматы – Ташкент» пойызының жолсерігі сапар кезінде жағдайы күрт нашарлап кеткен 9 жастағы балаға дер кезінде алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оның өмірін құтқарып қалды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Келес станциясында шекаралық және кедендік тексеру кезінде Ташкентке емделуге бара жатқан 9 жастағы Ярослав Ч.-тің жағдайы кенеттен нашарлап кеткен.
Жолсерік Қуатбек Дауылбаев жағдайдың күрделі екенін бірден байқап, дереу әрекет еткен.
«Кәсіби әрі уақтылы көрсетілген көмектің арқасында баланың жағдайы тұрақтанып, қауіптің беті қайтты. Пойыз бастығы жақын маңдағы станцияға жедел жәрдем шақыртқан», — делінген ҚТЖ хабарламасында.
Балақайдың анасы Қуатбек Дауылбаевқа кәсіби біліктілігі, зейінділігі мен адамгершілігі үшін шын жүректен алғыс білдірді.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ барлық жолсерік жыл сайын алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша арнайы дайындықтан өтетінін атап өтті.