ARBAT ASTANA ART FEST фестиваліне 200-ге жуық өнерпаз қатысады
Астанадағы Арбат алаңында ARBAT ASTANA ART FEST фестивалі өтіп жатыр. Ашық аспан астында ұйымдастырылған мәдени кеш елорданың шығармашылық өміріне серпін беріп, музыканттар, бишілер, суретшілер, қолөнершілер мен өнер сүйер қауымның басын қосты, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Екі күнге созылатын фестивальде түрлі жанрдағы шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушылар өнер көрсетеді. Мәдени кеште классикалық және заманауи әндер, халықтық өнер, би қойылымдары, балалардың шығармашылық нөмірлері, сән көрсетілімі, сондай-ақ фристайл мен импровизациялық рэп өнері көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

«Бұл фестивальдің басты мақсаты – Астанадағы және еліміздің түкпір-түкпіріндегі шығармашыл жандардың басын Арбатта қосу. Фестивальге музыканттар, оркестрлер, ансамбльдер, бишілер, суретшілер, қолөнершілер мен hand made шеберлері қатысып жатыр. Екі күн бойы мұнда ауқымды шығармашылық мереке өтеді. Әрбір келуші өз талғамына сай дүние таба алды. Фестиваліміздің басты хедлайнері – Sezim Music Show ұжымы», – деді Арбат Astana Art Fest фестивалінің ұйымдастырушысы Арай Ардабаева.

Фестивальдің ерекшелігі – өнердің көпшілікке қолжетімді болуы. Концерттік бағдарламалар бірнеше ашық алаңда қатар ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтары концерттік бағдарламаны тегін тамашалауда.

«Бұл фестивальді біз шығармашылық ұжымдар мен кәсіби музыканттардың басын қосып, олардың өнерін көпшілікке қолжетімді ету мақсатында ұйымдастырдық. Өнер тек концерт залдарымен шектелмеуі керек. Біз қала тұрғындары мен қонақтары ашық аспан астында жанды музыканы тыңдап, шығармашылық ұжымдардың өнерін еркін тамашалай алса дедік. Биыл фестивальге 200-ге жуық өнерпаз қатысып жатыр. Бағдарламада классикалық музыкадан бастап халықтық жанр, домбырашылар, академиялық және эстрадалық әншілер, хор, балалар ұжымдары, инклюзивті сән көрсетілімі, фристайл, рэп және заманауи перформанстар ұсынылып жатыр. Біз Еуропаның көптеген қалаларындағы ашық аспан астында өтетін мәдени фестивальдерден шабыт алдық. Осындай жоғары мәдени деңгейдегі, көпшілікке ашық фестивальдердің Астанада да тұрақты дәстүрге айналғанын қалаймыз», – деді жоба авторы, Sezim Music Show арт-дирекциясының мүшесі Мадина Бекмадиева.

Фестиваль барысында елордалықтар мен қала қонақтары өнердің сан алуан бағытымен танысып, ашық аспан астындағы ерекше мәдени атмосфераны сезінді. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар Астананың мәдени өмірін жандандырып, шығармашылық орта өкілдерін біріктіретін дәстүрлі алаңға айналады деген сенім білдірді.