Бас прокуратурада жасанды интеллектке негізделген роботтар таныстырылды
Биылғы жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы мемлекеттік органдарда заманауи IT-технологиялар мен озық цифрлық шешімдерді кеңінен енгізуге жаңа серпін берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Құқық қорғау жүйесі үшін бұл – жекелеген процестерді автоматтандыруға, күрделі әрі қауіпті жағдайларда тиімді жұмыс істеуге, қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге жедел ден қоюға және қызметкерлердің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар цифрлық технологиялардың дамуы қылмыстылықтың сипатын да өзгертіп, құқыққа қарсы әрекеттерді жасаудың жаңа тәсілдерін қалыптастыруда. Сондықтан құқық қорғау жүйесі туындаған қауіп-қатерлерге ғана ден қоймай, уақыт талабынан озып, жаңа сын-қатерлерге дайын болу үшін өзінің технологиялық әлеуетін үздіксіз дамытуы қажет.

Осы тұрғыда 17 шілдеде «USTEM Foundation» қоғамдық қорының негізін қалаушы Асылбек Мұрзахметов әріптестерімен бірге Бас прокуратура басшылығына жасанды интеллект негізіндегі заманауи әзірлемелерді таныстырды. Олардың қатарында гуманоидты роботтар, патрульдеу мен инспекция жүргізуге арналған роботтандырылған кешендер, төтенше жағдайларда жұмыс істеуге арналған жүйелер, сондай-ақ сервистік және кеңесші роботтар бар.
«Цифрлық трансформация мемлекеттік органдардың қызметіне заманауи технологияларды белсенді енгізуді талап етеді. Біз жасанды интеллект пен “ақылды” шешімдерді пайдалана отырып, жаңа қауіп-қатерлерге жедел ден қоюымыз, құқық қорғау жүйесінің мүмкіндіктерін кеңейтуіміз, азаматтардың құқықтарын қорғауды және «Заң мен Тәртіп» қағидатын сапалы жаңа деңгейде қамтамасыз етуіміз қажет», – деді Бас Прокурор Берік Асылов.

Айта кетейік, «USTEM Foundation» қоғамдық қоры 2020 жылдан бері Қазақстандағы балалар мен жастар арасында робототехника, инженерлік ойлау және STEM-білім беруді дамыту бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Қордың қолдауымен Қазақстанның робототехникадан ұлттық құрамасы «FIRST Global Challenge» әлем чемпионатында төрт мәрте жеңімпаз атанды.
Кездесу қорытындысы бойынша прокуратура органдары мен басқа да құқық қорғау органдарының қызметінде робототехникалық шешімдерді қолдану мүмкіндіктерін зерделеу және осы бағыттағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту жөніндегі перспективалы бағыттар айқындалды.
Еске салсақ, Бас прокурор «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыруда ғылым мен ІТ рөлі артып келе жатқанын айтқан болатын.