Берік Асылов: «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыруда ғылым мен ІТ рөлі артып келеді
Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыруға қабілетті жаңа буын мамандарды даярлауға басымдық беріліп отыр. Бұл туралы Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов Академияның магистратурасы мен докторантурасы түлектеріне диплом тапсыру рәсіміне қатысып, құқық қорғау жүйесін жаңғыртуда ғылым, цифрлық технологиялар және жасанды интеллекттің маңызына тоқталды.

Іс-шараға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, құқық қорғау және арнаулы органдардың басшылары, сондай-ақ еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.
Соңғы он жылда Академияның жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша құқық қорғау органдарының 534 қызметкері білім алған. Оның ішінде 459-ы магистратураны, 75-і докторантураны тәмамдаған.

Бас Прокурордың айтуынша, Академия әртүрлі құқық қорғау органдарының мамандарын бір ортада оқыту арқылы «Заң мен Тәртіп» қағидатын жүзеге асыруға негізделген бірыңғай кәсіби ынтымақтастық мәдениетін қалыптастырып келеді.
«XXI ғасырда қылмысқа жылдам әрекет ететін емес, оны алдын ала болжай алатын ғана жеңіске жетеді. Сондықтан құқық қорғау жүйесінің болашағы бүгіннен – ғылыми зертханаларда, Академия аудиторияларында және жаңа технологияларды әзірлеу орталықтарында басталады», – деді Берік Асылов.

Президенттің тапсырмаларын іске асыру аясында Академияда цифрлық криминалистика, киберқылмыстарды тергеу, электрондық дәлелдемелерді талдау және құқық қорғау қызметінде жасанды интеллектіні қолдану бағыттары бойынша мамандар даярлануда. Осы мақсатта Цифрлық технологиялар және киберқылмысқа қарсы іс-қимыл институты құрылып, бірегей білім беру бағдарламалары енгізілген.
Сонымен қатар Академияның бастамасымен 60-тан астам ведомствоаралық ғылыми зерттеу жүргізіліп, құқық қорғау саласын дамытуға бағытталған инновациялық жобалар жүзеге асырылуда. Олардың қатарында Киберполигон, Форсайт-орталық, Innovation Lab зертханасы және ғылыми превенция орталығы бар.

Бас прокуратураның мәліметінше, аталған жұмыстардың барлығы «Заң мен Тәртіп» қағидатын тиімді іске асыратын, цифрлық технологияларды меңгерген, кәсіби әрі тәуелсіз құқық қорғау мамандарын даярлауға бағытталған.

Бұған дейін Берік Асылов прокуратура ардагерлерімен «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру мәселесін талқылағанын жаздық.