Референдум-2026

Берік Асылов прокуратура ардагерлерімен «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру мәселесін талқылады

Берік Асылов прокуратура ардагерлерімен «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру мәселесін талқылады
Фото: Бас прокуратура

Бас прокурор Берік Асылов прокуратура органдарының ардагерлерімен кездесіп, «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру, жастарға құқықтық және патриоттық тәрбие беру, сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығын нығайту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында Бас прокурор прокуратура органдары Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру жөніндегі бағытын жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, заң үстемдігі, азаматтардың құқықтарын қорғау және қоғамдық диалогты дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді.

Берік Асыловтың мәліметінше, бүгінде мемлекетке заңсыз шығарылған 1,3 триллион теңге көлеміндегі актив қайтарылған. Осы қаражат есебінен 350 әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталған. Олардың қатарында 179 сумен жабдықтау, 159 денсаулық сақтау, 6 білім беру, 3 спорт, 2 инженерлік және 1 көлік инфрақұрылымы нысаны бар.

«Қазынаға қайтарылған әрбір теңге – нақты адамдар сезінетін әділдіктің қалпына келуі. Бұл – жаңа мектептерде білім алып жатқан балалар, қауіпсіз әрі жайлы жағдайда өмір сүріп жатқан отбасылар», – деді Бас прокурор.

Сондай-ақ ол прокуратура органдары қазіргі уақытта жаңа өндірістерді іске қосуға және инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге де белсенді қатысып жатқанын айтты. Биылдың өзінде прокурорлардың үйлестіруімен 42 жаңа өндіріс іске қосылып, 3 мыңға жуық жұмыс орны құрылған.

Кездесуде құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Бас прокуратураның бастамасымен және Мемлекет басшысының қолдауымен мектептер мен колледждерде «Заң мен Тәртіп» пәні енгізілген. Ал Талғар ауданында жүзеге асқан пилоттық жоба нәтижесінде жасөспірімдер қылмысы 7 деректен нөлге дейін төмендеген.

Бүгінде республика бойынша құқық қорғау және арнаулы органдардың 317 ардагері жастармен кездесулер өткізіп, құқықтық мәдениетті, патриоттық құндылықтарды және заңға құрметті насихаттау жұмыстарына қатысып келеді.

Кездесу соңында Берік Асылов прокуратура органдарының ардагерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, құқықтық жүйені дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Салтанатты рәсімде бірқатар ардагерге Бас Прокурордың ведомстволық наградалары мен Прокуратура органдары ардагерлері қоғамдық бірлестіктерінің республикалық одағының медальдары табысталды.

Бұған дейін Бас прокуратура туристік аймақтардағы қауіпсіздікті күшейтуді тапсырғанын жазған болатынбыз.