Референдум-2026

Бас прокуратура туристік аймақтардағы қауіпсіздікті күшейтуді тапсырды

Бүгін, 11:19
Думан Аманжол Думан Аманжол
Бас прокуратура туристік аймақтардағы қауіпсіздікті күшейтуді тапсырды
Фото: Бас прокуратура

Бас прокуратурада ҚР Бас прокурорының орынбасары Асхат Жұмағалидың төрағалығымен «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың профилактикасы саласындағы Президенттің жекелеген тапсырмаларын орындау мәселелері бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға Бас прокуратураның, Құқық қорғау органдары академиясының, ҚСжАЕК-тің, ішкі істер, төтенше жағдайлар, мәдениет және ақпарат, туризм және спорт министрліктерінің, Қаржылық мониторинг агенттігінің, әкімдіктер мен прокуратуралардың басшылары мен қызметкерлері, оның ішінде аудандық буын өкілдері қатысты.

Талқылау барысында А.Жұмағали Мемлекет басшысының қоғамдық және жеке қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі шарты ретінде қоғамда «Заң мен тәртіпті» нығайту жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде уәкілетті органдар бірлескен кешенді шаралар қабылдап жатқанын атап өтті.

«Жалпы, оң өзгерістерді байқап отырмыз: «Заң мен тәртіп» тек мемлекеттік міндет қана емес, қоғамдық сұранысқа айналуда. Азаматтардың құқықтық санасы артып келеді. Қылмыс жасау тиімсіз әрі қоғам тарапынан айыпталатын орта қалыптасуда», – деп атап өтті Бас прокурордың орынбасары.

Жыл басынан бері елдегі қылмыстық құқық бұзушылық 12%-ға төмендеді. Оның ішінде аса қауіпті қылмыс – адам өлтіру 9%-ға, қарақшылық 35%-ға, тонау 21%-ға, қорқытып алушылық 20%-ға, бұзақылық 12%-ға, сондай-ақ көшедегі қылмыстық құқық бұзушылық 19%-ға және қоғамдық орындардағы қылмыстар 20%-ға азайды.

Бас прокурордың орынбасары «Заң мен тәртіп» идеологиясын қоғамда ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдамаға егжей-тегжейлі тоқталып, оны іске асырудың үш бағдарын белгіледі. Олар – азаматтардың құқықтық санасын қалыптастыру, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен клиентке бағдарлануы арқылы қауіпсіз ортаны құру, сондай-ақ қоғамды белсенді түрде тарту.

Сондай-ақ мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары – «Адал Азамат», «Таза Қазақстан» және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдарына негізделген заңға бағынатын мінез-құлықтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, мемлекеттік органдардың ашықтығына, қауіпсіз ортаны қамтамасыз етуге, азаматтық қоғаммен әріптестік орнатуға және азаматтық белсенділікті ынталандыруға байланысты тұжырымдаманың негізгі бағыты айтылды.

Профилактика субъектілерінің қызметін үйлестіру және болжамдық талдауды пайдалану жөніндегі шаралар туралы ІІМ Профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы мен ҚСжАЕК Төрағасының орынбасары баяндады.

Астана қаласы мен Алматы облысының прокурорлары Мемлекет басшысының Астана және Қонаев қалаларында өткен көшпелі кеңестерде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, профилактиканы күшейту және жауапкершіліктің бұлтартпастығы мәселелері бойынша берген тапсырмаларының орындалуы туралы есеп берді.

Кеңесті қорытындылай келе, А.Жұмағали өңір прокурорларына құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде, оның ішінде туристік аймақтар мен халық жаппай демалатын орындарда уәкілетті органдардың тиімді үйлестірілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру – қызметіміздің басым бағыты. Бұл қоғам өмірінің барлық салаларында заң үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімі туралы», – деп атап өтті ол.