Референдум-2026

Қарулы күштерде дрондарға қарсы іс-қимыл бойынша оқу-жаттығу өтіп жатыр

Қарулы күштерде дрондарға қарсы іс-қимыл бойынша оқу-жаттығу өтіп жатыр
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстан Қарулы күштерінде радиоэлектрондық қорғаныс пен ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы іс-қимыл мәселелеріне арналған оқу-әдістемелік жиын өтіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жиынға Қазақстан Қарулы күштерінің әскери қызметшілері қатысуда. Олар радиоэлектрондық күрес құралдарын қолдану, байланыс жүйелерін қорғау, радиосигнал көздерін анықтау және ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы тиімді әрекет ету тәсілдерін меңгеріп жатыр.

43988 әскери бөлімі командирінің орынбасары – штаб бастығы, подполковник Азамат Асқардың айтуынша, ұшқышсыз технологиялардың қарқынды дамуы радиоэлектрондық күрес мамандарын даярлау жүйесін үнемі жетілдіруді талап етеді.

«Қазіргі уақытта ұрыс жерде немесе әуеде ғана емес, радиоэфирде де жүріп жатыр. Сондықтан радиоэлектрондық күрес мамандарын даярлау – жауынгерлік әзірліктің негізгі бағыттарының бірі. Басты мақсатымыз – байланыс жүйелерін қорғау, ұшқышсыз авиациялық жүйелерді анықтау және оларға қарсы іс-қимылдың ортақ тәсілдерін жетілдіру», – деді Азамат Асқар.

Оқу барысында әскери қызметшілер байланыс пен басқару арналарын қорғау әдістерін, ұшқышсыз ұшу аппараттарын анықтау және олардың сигналдарын басу тәсілдерін тәжірибе жүзінде пысықтауда.

Сонымен қатар қатысушылар әскери нысандардың қорғалу деңгейін бағалау, заманауи радиоэлектрондық күрес кешендерін пайдалану және бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіру бойынша оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындайды.

51809 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, капитан Ерік Қасымбековтің айтуынша, мұндай жиындар әскери мамандардың тәжірибе алмасуына және қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, оқу-әдістемелік жиын аясында Қарулы күштердің түрлі құрылымдарының өкілдері ұшқышсыз технологиялардың дамуына байланысты туындайтын жаңа қауіптерді талқылап, оларға қарсы бірлескен әрекет ету тетіктерін жетілдіруде. Бұл шара әскери қызметшілердің кәсіби даярлығын арттырып, әскери нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Бұған дейін елімізде әскери міндеттілердің оқу жиындары өтіп жатқанын жазған болатынбыз.