Елімізде әскери міндеттілердің оқу жиындары өтіп жатыр
Қазақстан Қарулы күштерінде әскери міндеттілер бір айлық оқу жиындарына қатысып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Министрліктің мәліметінше, оқу жиындары әскери даярланған резервті қалыптастыруға және запастағы азаматтардың практикалық дағдыларын жетілдіруге бағытталған.
Гвардейск гарнизонының 22326 әскери бөлімінде Алматы, Жамбыл облыстары және Алматы қаласынан келген 236 әскери міндетті қайта дайындыққа кірісті. Бір ай бойы олар сұранысқа ие әскери-есептік мамандықтар бойынша білімдерін жетілдіреді. Байланыс, барлау және артиллерия мамандарын даярлауға, сондай-ақ бөлімшелер құрамында үйлесімді іс-қимыл жасауға барынша назар аударылады.
– Негізгі басымдық практикалық даярлыққа және бөлімшелер құрамындағы іс-қимылдарға берілді. Оқу жиындары аяқталған соң әскери міндеттілер өздерінің әскери-есептік мамандықтары бойынша сынақтар мен емтихандар тапсырады. Дайындық деңгейі жақсыларға белгіленген тәртіппен кезекті әскери атақтар беріледі, – деді жиынның штаб бастығы подполковник Жақсылық Мырзалиев.

Қордай аудандық ауруханасында рентгенолог болып жұмыс істейтін әскери міндетті Ерік Жексебай мұндай жиындардың бұрын алған білім мен дағдыларды жаңғыртып, бекітуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Мерзімді әскери борышымды өткергеніме біраз жыл болды. Сондықтан бұл жиын бұрын білгенімді жаңғыртып, практикалық даярлықтан қайта өтуге жақсы мүмкіндік. Әскери міндетті ретінде өз жауапкершілігімді сезіне отырып, жиынға саналы түрде келдім. Мұндай дайындық әрдайым қажетті әзірлік деңгейін сақтауға мүмкіндік береді, – деді ол.
Оқу жиындары Приозерск гарнизонындағы 06708 әскери бөлімінде де басталды. Салтанатты рәсімнің маңызды сәттерінің бірі – оқу жиындарына алғаш рет шақырылған әскери міндеттілердің Әскери ант қабылдауы болды.
Оқу кезеңінде қатысушылар әскери киім-кешекпен, тамақпен, жеке қорғаныс құралдарымен қамтылып, медициналық қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар олардың жұмыс орны мен лауазымы сақталады, ал орташа жалақысы республикалық бюджет қаражаты есебінен өтеледі.
Еске салсақ, елімізде алғаш рет «SHAIQAS-2026» әскери-инженерлік чемпионаты өтті.