Референдум-2026

Ақмола облысындағы Жақсы теміржол вокзалы жаңартылып, пайдалануға берілді

Бүгін, 12:28
Думан Аманжол Думан Аманжол
Ақмола облысындағы Жақсы теміржол вокзалы жаңартылып, пайдалануға берілді
Фото: Көлік министрлігі

Ақмола облысында Жақсы теміржол вокзалының ғимаратын реконструкциялау жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Нысанды жаңарту Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздегі 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.

Вокзалдың ашылу рәсіміне Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдері, теміржол саласының ардагерлері және аудан тұрғындары қатысты.

Қайта жаңғырту жұмыстары барысында вокзал ғимаратының аумағы 203-тен 222-і шаршы метрге дейін ұлғайтылып, жолаушылар перроны 388 метрден 503 метрге дейін ұзарды. Ғимараттың шатыры, қасбеті және ішкі бөлмелері жаңартылып, инженерлік желілер, жылыту, сумен жабдықтау және электрмен қамту жүйелері толық жаңғыртылды.

Ғимаратта жиһаз және қажетті жабдықтар орнатылып, іргелес аумақ абаттандырылған, жолаушылар перроны жаңартылған. Вокзалдың қасбеті мен ішін безендіру кезінде отандық өндірістің заманауи құрылыс материалдары пайдаланылды. Кедергісіз ортаны құру үшін мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған ыңғайлы сыртқы көтергіш орнатылды.