Астанадан Арқалыққа қатынайтын жаңа пойыздың кестесі жарияланды
2026 жылғы 2-31 тамыз аралығында елордадағы «Нұрлы жол» вокзалынан Арқалық қаласына жаңа жолаушылар пойызы қатынайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
№225/226 «Нұрлы жол – Арқалық» бағытындағы пойыз Қостанай және Ақмола облыстары тұрғындарының көлік қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ Арқалық бағытына қатынайтын жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында іске қосылады. Бұған дейін бұл бағытта тек жеке тасымалдаушының пойызы жүрген.
Жолаушылар 2024 жылы шығарылған жаңа RWS Wagon вагондарымен тасымалданады. Пойыз құрамында 3 купе және 3 плацкарт вагоны болады. Бір рейсте 250-ден астам жолаушыны тасымалдауға мүмкіндік қарастырылған.
Компания мәліметінше, вагондар заманауи халықаралық қауіпсіздік пен жайлылық талаптарына сәйкес жабдықталған. Купелерде эргономикалық ұйықтайтын орындар, жеке жарықдиодты шамдар, USB-порттар және электр розеткалары орнатылған. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған арнайы купелер, мүгедектер арбасына арналған орындар және жолсерікті шақыру батырмасы қарастырылған.
Пойыз күн ара қатынайды:
«Нұрлы жол» станциясынан – 2-30 тамыз аралығында жұп күндері;
Арқалық станциясынан – 3-31 тамыз аралығында тақ күндері.
Қозғалыс кестесі:
«Нұрлы жол» станциясынан:
жөнелту – 23:05;
Арқалыққа келу – 09:16.
Арқалық станциясынан:
жөнелту – 21:20;
«Нұрлы жол» станциясына келу – 07:16.
Жол бойында пойыз «Нұрлы жол», Жалтыр, Атбасар, Жақсы, Есіл, Державинская, Арқалық және өзге де станцияларға тоқтайды.
Жол жүру құны:
купе – 9 900 теңге;
плацкарт – 6 800 теңге.
Бұл бағытта «Алтын», «Алтын 1», «Саяхатшы» және «Жастар» дисконттық карталарының жеңілдіктері қолданылады.
Билеттерді bilet.railways.kz ресми сайтынан комиссиясыз немесе «Жолаушылар тасымалы» АҚ билет кассаларынан сатып алуға болады. Қосымша ақпаратты 1433 тегін байланыс нөмірі арқылы алуға болады.
Бұған дейін ҚТЖ теміржол желісінде цифрлық автобұғаттау жүйесі енгізілгенін жаздық.