Референдум-2026

Елордада сот жүйесінің өкілдері қан тапсыру акциясына қатысты

Бүгін, 21:03
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елордада сот жүйесінің өкілдері қан тапсыру акциясына қатысты
Фото: magnific.com

Елордалық сотта Астана қаласы бойынша Сот әкімшілігі департаментінің ұйымдастыруымен және Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығының қолдауымен ерікті түрде қан тапсыру акциясы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шара ұлттық денсаулық сақтау жүйесін қолдауға, донорлық қан қорын толықтыруға және ерікті қан донорлығы мәдениетін дамытуға бағытталды. Қайырымдылық акциясына елорда соттарының 12 судьялары мен Астана қаласы бойынша Сот әкімшілігі департаментінің 14 қызметкерлері қатысты. Барлық қатысушылар ерікті түрде қан тапсырып, донорлық қанға мұқтаж науқастарға көмек көрсетуге өз үлестерін қосты.

Осындай қайырымдылық шаралары өзара көмек көрсету, мейірімділік пен еріктілік мәдениетін дамытуға, сондай-ақ ұжымдағы бірлік пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Сот жүйесі өкілдерінің мұндай бастамаларға қатысуы мемлекеттік қызметшілердің жоғары әлеуметтік жауапкершілігін және қоғамдық маңызы бар істерге белсенді атсалысуға ұмтылысын айғақтайды, делінген хабарламада.

Қалалық соттың мәліметінше, Астана қаласы бойынша Сот әкімшілігі департаменті қайырымдылықты дамытуға, корпоративтік мәдениетті нығайтуға, өзара құрмет, сенім және әлеуметтік жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыруға бағытталған бастамаларды тұрақты түрде қолдап келеді.

Еске салсақ, елімізде «Құрметті донор» жаңа ведомстволық наградасы енгізілді.