Madenietti Mura: 900-ден астам волонтер тарихи-мәдени мұраны сақтауға арналған жобаға қатысты
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде Madenietti Mura жобасы бастау алған. Бастама Қазақстанның барлық өңірін қамтып, тарихи-мәдени мұраны сақтауға және азаматтардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Жоба аясындағы ең ауқымды бастамалардың бірі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған Халықаралық волонтерлер жылы аясында ұйымдастырылған «Мәдени мұраны бірге сақтайық» республикалық акциясы. Акция барысында еліміздің барлық өңірінен 900-ден астам волонтер тарихи ескерткіштердің аумағын тазалау және абаттандыру жұмыстарына қатысты.
Бүгінде еліміздің барлық 20 өңірінде «Madenietti Mura волонтерлері» клубтары жұмыс істейді. Олар тарихи-мәдени мұраны қорғау, оны насихаттау және азаматтардың белсенділігін арттыру бағытында тұрақты түрде бастамалар көтеріп келеді.
Жоба аясында волонтерлердің білімі мен тәжірибесін жетілдіруге де басымдық берілген. Өңірлерде өткен оқыту семинарларына 1000-ға жуық адам қатысса, тағы 500 волонтер «Мәдениет және тарих саласындағы волонтерлік қызмет негіздері» арнайы курсынан өтті.
Сонымен қатар тарихшылардың, өлкетанушылардың және музей мамандарының қатысуымен кездесулер, дәрістер мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Жас мамандар музейлерде тағылымдамадан өтіп, тарихи-мәдени мұраны сақтау және көпшілікке таныту бағытында тәжірибе жинақтады.
Жоба бойынша Madenietmura.kz цифрлық платформасы іске қосылған. Аталмыш платформа волонтерлерді, мәдениет саласының мамандарын, тарихшыларды, қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік мекемелерді бір алаңда біріктіріп, бастамаларды үйлестіруге, ақпарат алмасуға және жаңа қатысушыларды тартуға мүмкіндік береді. Madenietti Mura жобасы волонтерлер мәдениетін қалыптастыруға, жастардың тарихқа қызығушылығын арттыруға және тарихи-мәдени мұраны сақтау бағытында қоғамның кеңінен атсалысуына жол ашып отыр.
Еске салайық, бұған дейін жарты жылда Қазақстанның музей-қорықтарына 784 мыңнан астам адам барғаны туралы жаздық.