Қазақстан құрамасы волейболды отырып ойнаудан тарихи жүлдеге қол жеткізді
Қазақстан құрамасы волейболды отырып ойнаудан әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Волейболды отырып ойнаудан әлем чемпионаты Қытайдың Ханчжоу қаласында 10-17 шілде аралығында өтті. Әлемдік додаға ерлер арасында 16 ұлттық құрама қатысқан.
Қазақстан құрамасы С тобында Бразилия, Хорватия және Ирак командаларымен сынға түсіп, топтық кезеңді екінші орынмен аяқтап, плей-офф кезеңіне жолдама алған.
Нәтижесінде 1/8 финалда қазақстандық волейболшылар Польша құрамасын 3:0 есебімен айқын жеңсе, ширек финалда Руанда құрамасын 3:0 есебімен ұтқан.
Дегенмен, жартылай финалда әлемнің ең мықты командаларының бірі – Ираннан 0:3 есебімен жеңілген.
Үшінші орын үшін өткен тартысты кездесуде қазақстандық спортшылар Бразилия құрамасын 3:2 есебімен жеңіп, әлем чемпионатының қола жүлдесін иеленген.
Министрліктің мәліметінше, бұл қола жүлде – Қазақстан құрамасының волейболды отырып ойнаудан әлем чемпионаты тарихындағы алғашқы медалі әрі отандық параспорттың тарихи жетістігі.