Бастауыш білімді дамытуға арналған республикалық семинар қорытындыланды
Астанада «Бастауыш мектептің жазғы сессиясы: Сапалы өзгерістер және кәсіби даму» республикалық семинары өз жұмысын аяқтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Семинар барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім беру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру, «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасын, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын, «Заң мен Тәртіп» қағидатын және жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне енгізудің басым бағыттары талқыланып, педагогтер жаңа оқу жылына қатысты тәжірибе алмасты.
Қорытынды күні Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовамен ашық диалог алаңы өтті. Сұрақ-жауап форматындағы кездесуде педагогтер жаңа оқу жылына дайындық, бастауыш білім мазмұнын жетілдіру, мұғалімдерді әдістемелік қолдау, жасанды интеллектіні білім беру үдерісінде пайдалану және өзге де өзекті мәселелер бойынша сауалдарын қойып, ұсыныстарын ортаға салды.

Семинардың қорытынды бөлімінде қатысушылар өткен екі күннің нәтижесін саралап, жаңа оқу жылында жүзеге асырылатын негізгі бағыттарды талқылады.
Сонымен қатар жасанды интеллектіні білім беру үдерісінде тиімді қолдану, балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру және заманауи оқыту тәсілдері бойынша тәжірибе алмасты. Сессия соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.

