Референдум-2026

Ақмола облысында алтын өңдейтін жасырын цех әшкереленді

Ақмола облысында алтын өңдейтін жасырын цех әшкереленді
Фото: pexels.com

Ақмола облысында бағалы металдарды заңсыз өндірумен айналысқан адамдар тобының қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, ҚМА-ның Ақмола облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен Шортанды ауданында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, құрамында алтыны бар кенді өңдеуге және бағалы металдарды бөліп алуға арналған жасырын цехты анықтады.

Тінту барысында кенді ұсақтауға және балқытуға арналған арнайы жабдықтар, салмағы 446 грамм алтын құймасы, 4 тонна алтын құрамды материал, 6 келі сынап, сондай-ақ 2 млн теңгеден астам және 8 мың АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай қаражат тәркіленді.

Сонымен қатар, тінту кезінде қару мен оқ-дәрілер де табылған.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары заңсыз қызметке қатысы бар барлық тұлғаларды және заңсыз өндірілген бағалы металдардың нақты көлемін анықтап жатыр.

ҚМА мәліметінше, қылмыстық схеманы ұйымдастырушы сот санкциясымен қамауға алынды. Тергеу жалғасуда.

«Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды», – делінген хабарламада.

Бұған дейін Екібастұзда жасырын алкоголь өндіру цехы анықталғанын жазған болатынбыз.