Референдум-2026

МКД: Астана республикалық бюджетке 1,3 трлн теңгеден астам қаржы аударды

МКД: Астана республикалық бюджетке 1,3 трлн теңгеден астам қаржы аударды
Фото: Оңалхан Өнерхан

2026 жылдың алғашқы алты айында Астана қаласынан республикалық бюджетке 1 трлн 323 млрд теңге түсті. Бұл жоспардың 102,2 пайызға орындалуына мүмкіндік берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл көрсеткіш Департаменттің кеңейтілген алқа отырысында жарияланды. Жиында бірінші жартыжылдықтың қорытындылары шығарылып, екінші жартыжылдыққа арналған негізгі міндеттер айқындалды.

Департамент басшысы Серік Манзоров бюджеттің кіріс бөлігін тұрақты орындау, салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыру және салық төлеушілерге көрсетілетін сервистік қызметтердің сапасын жақсарту мемлекеттік кірістер органдары жұмысының басым бағыттары болып қала беретінін атап өтті.

Ведомствоның мәліметінше, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда республикалық бюджетке түскен түсім 393,5 млрд теңгеге артқан.

Түсімдердің негізгі өсімі:

– қосылған құн салығы (ел аумағында өткізілген тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер бойынша) – 292 млрд теңге;

– заңды тұлғалардың корпоративтік табыс салығы (мұнай секторын қоспағанда) – 75 млрд теңге;

– импортталатын тауарларға салынатын қосылған құн салығы – 61 млрд теңге есебінен қамтамасыз етілді.

Алқа отырысында құрылымдық бөлімшелердің басшылары бюджет кірістерінің орындалуы, камералдық бақылау, берешекті өндіріп алу, салықтық және кедендік әкімшілендіру, сондай-ақ жоспарлы көрсеткіштердің орындалуы туралы есеп берді.

Жиын қорытындысында Департамент басшысы салықтық және кедендік әкімшілендіруді одан әрі жетілдіру, жоспарлы көрсеткіштердің орындалуын қамтамасыз ету, атқарушылық тәртіпті күшейту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және қызметтік әдеп нормаларын сақтау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Бұдан бұрын кірістер мен мүлік декларациясын кімдер тапсыруға міндетті екенін жазған болатынбыз.