ҚҚДИ зерттеуі: Құрылтай сайлауы жоғары қоғамдық сенім жағдайында өтеді
Қазақстандықтардың 86,9 пайызы Президентке сенім білдіреді. Мұндай мәліметтер «Электоралдық ландшафт және сайлау тенденциялары: қоғам не күтеді» тақырыбында өткен «Sarap» сарапшылар клубының отырысында жария етілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қазақстандық қоғамдық даму институтының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шарада сарапшылар, ғылыми ұйымдардың басшылары мен жоғары оқу орындарының өкілдері жаңа Конституция жағдайындағы Құрылтай сайлауы қарсаңындағы қоғамдық көңіл күйді, партиялардың рөлін және азаматтардың сайлау үдерістеріне қатысу белсенділігін талқылады.

Отырыста ҚҚДИ жүргізген «2026 жылдың II тоқсанындағы қоғамдық-саяси ахуал» және «Қазақстандықтардың саяси бағдарлары» атты екі әлеуметтанулық зерттеудің нәтижелері таныстырылды. Екі зерттеу де қоғамда мемлекеттік институттарға деген сенімнің жоғары екенін көрсетті.
Зерттеу қорытындысына сәйкес, қазақстандықтардың 84,1%-ы елдегі қоғамдық-саяси ахуалды қолайлы немесе тұрақты деп бағалайды. Бұл көрсеткіш бірінші тоқсанмен салыстырғанда айтарлықтай өскен. Сондай-ақ азаматтардың 85,8%-ы өз өміріне қанағаттанатынын, ал 60,1%-ы алдағы бір жылда жағдайының жақсаратынына сенетінін айтқан.
Жастар арасында да оң көзқарас басым. 18-28 жас аралығындағы азаматтардың 87,1%-ы елдегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты деп бағаласа, 65,6%-ы алдағы уақытта өмірі жақсарады деп күтеді.
Зерттеу нәтижесі бойынша, Президентке деген сенім деңгейі 86,9%-ды құрады. ҚҚДИ мәліметінше, бұл көрсеткіш барлық жас санаттарында жоғары болып, мемлекеттік институттарға деген қоғамдық қолдаудың кең ауқымын көрсетеді.

Сонымен қатар респонденттердің 75,1%-ы алдағы Құрылтай сайлауына қатысуға дайын екенін білдірген. Оның ішінде 37,6%-ы сайлауға міндетті түрде қатысатынын айтса, 37,5%-ы қатысуы ықтимал екенін жеткізген.
Қатысушылардың пікірінше, жаңа Конституция аясында өтетін Құрылтай сайлауы еліміздің саяси жүйесін одан әрі дамытуға, өкілді билік институттарын нығайтуға ықпал ететін маңызды саяси науқан болмақ.
«Sarap» сарапшылар клубының отырысында жаңа Конституцияның қоғам мен мемлекет дамуына әсері талқыланғанын жазған болатынбыз.