Астанада жаңа Конституцияның қоғам мен мемлекет дамуына әсері талқыланды
Астанада «Жаңа конституциялық кезең: әлеуметтік-құқықтық дамудың жаңа бағдарлары» тақырыбында «Sarap» сарапшылық клубының отырысы өтті. Жиында жаңа Конституцияның негізгі қағидаттары, құқық үстемдігін қамтамасыз ету және реформаларды іске асыру тетіктері талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шараға Қазақстандық қоғамдық даму институты Басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақова, Гарвард университетінің шақырылған профессоры Мүслім Хасенов, құқық саласының сарапшысы, Қайтарылған активтерді басқару компаниясының бас директоры Қуанышбек Мұқаш, «Kazakh Invest» АҚ басқарушы директоры, нормашығармашылық қызмет саласының сарапшысы Нұрғазы Ануарбеков, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының Мемлекеттік-құқықтық пәндердің ғылыми-білім беру орталығының директоры Толқын Нұрышева, ҚР Конституциялық соты алдын ала зерделеу және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы Эльмира Қалиева және өзге де сарапшылар қатысты.
Жиын барысында сарапшылар жаңа Конституцияның күшіне енуін еліміздің құқықтық дамуының жаңа кезеңі ретінде бағалап, оның қоғамдағы заң үстемдігін нығайтудағы маңызын атап өтті.

Гарвард университетінің шақырылған профессоры Мүслім Хасенов жаңа Конституция Қазақстанның өзіндік конституциялық моделін қалыптастырғанын айтты.
«Конституцияны өзгерту құқығының халыққа берілуі халық билігі қағидатын күшейтеді. Жаңа Конституцияда тәуелсіздік, аумақтық тұтастық, унитарлық мемлекет қағидаты және өзге де негізгі құндылықтар бекітілді. Бұл Қазақстанның конституциялық бірегейлігін айқындайтын маңызды нормалар», – деді сарапшы.
Құқық саласының сарапшысы, Қайтарылған активтерді басқару компаниясының бас директоры Қуанышбек Мұқаш «Заң мен тәртіп» қағидатының қоғамдағы рөліне тоқталды.
«Заңның баршаға бірдей және әділ қолданылуы – құқықтық мемлекеттің басты белгісі. Бұл қағидат тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, әр азаматтың заңға құрметінен басталады», – деді ол.

Ал «Kazakh Invest» АҚ басқарушы директоры, нормашығармашылық қызмет саласының сарапшысы Нұрғазы Ануарбеков Конституцияда бекітілген қағидаттарды тиімді жүзеге асыру үшін құқықтық тетіктерді жетілдіру қажеттігін атап өтті.
«Ендігі міндет – Конституцияның негізгі қағидаттарын нақты іске асыратын механизмдерді қалыптастыру. Бұл үшін құқықтық саясатты жаңартып, заң жобаларының конституциялық талаптарға сәйкестігін бағалайтын тиімді жүйе қажет», – деді сарапшы.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының Мемлекеттік-құқықтық пәндердің ғылыми-білім беру орталығының директоры Толқын Нұрышева жаңа Конституцияны еліміздің құқықтық дамуының сабақтастығын көрсететін құжат деп бағалады.
«Жаңа Конституция Қазақстанның тарихи тәжірибесін ескере отырып, тиімді құқықтық институттарды сақтап, қазіргі даму талаптарына сай үйлесімді конституциялық модель қалыптастырды», – деді ол.
Сондай-ақ ҚР Конституциялық соты алдын ала зерделеу және құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы Эльмира Қалиева Конституцияны мемлекет пен қоғам арасындағы сенімге негізделген маңызды құқықтық келісім ретінде сипаттады.
«Конституциялық реформалар азаматтардың белсенді қатысуымен жүзеге асты. Ендігі міндет – Конституцияда бекітілген әділеттілік, заң үстемдігі, азаматтардың құқықтарын қорғау сияқты құндылықтарды күнделікті қоғамдық өмірде орнықтыру», – деді Эльмира Қалиева.
Жиын барысында сарапшылар жаңа Конституцияның нормаларын тиімді жүзеге асыру үшін құқықтық мәдениетті арттыру, заң шығару сапасын жетілдіру және мемлекеттік институттардың жауапкершілігін күшейту бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Бұған дейін жаңа Конституцияның қолданысқа енуіне орай Конституциялық сотта ғылыми-тәжірибелік конференция өткенін жаздық.