Референдум-2026

Жаңа Конституцияның қолданысқа енуіне орай Конституциялық сотта ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Жаңа Конституцияның қолданысқа енуіне орай Конституциялық сотта ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігі

ҚР Конституциялық сотында жаңа Ата заңның қолданысқа енуіне орай «Жаңа Конституция: орнықты дамудың институционалдық және құқықтық негізі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, Парламенттің, сот жүйесінің, адвокатураның, халықаралық ұйымдардың, ғылыми және сарапшылық қауымдастықтардың, сондай-ақ отандық және шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының 150-ден астам өкілі қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Конференцияны ашқан ҚР Конституциялық сотының төрағасы Эльвира Әзімова 2026 жылғы 1 шілдеден бастап 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енгенін атап өтті.

«Қазақстан халқының ерік-жігерімен елдің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне негіз қаланды. Бұл құқықтық жүйені, мемлекеттік басқаруды және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін одан әрі жетілдірудің стратегиялық бағдарларын айқындады», - деді Эльвира Әзімова.

Оның айтуынша, жаңа Конституцияның қолданысқа енуімен бірге Конституциялық сот Ата заңның үстемдігін қамтамасыз етуге және конституциялық құндылықтарды қорғауды күшейтуге бағытталған жұмысын жалғастырады. Бұл Қазақстанның тарихи және құқықтық дамуының жаңа кезеңінің басталғанын білдіреді.

Конференцияда сондай-ақ БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Раднарагча Саранго мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің бас хатшысы Қайрат Сарыбай сөз сөйледі. Олар Қазақстандағы конституциялық реформалардың құқықтық институттарды нығайтудағы және елдің орнықты дамуын қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті.

Бейнеүндеу арқылы қатысушыларға Түркі мемлекеттері парламенттік ассамблеясының Бас хатшысы Рамиль Гасан мен Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісінің Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Феруза Эшматова құттықтау жолдап, Қазақстандағы конституциялық өзгерістердің өңірлік қана емес, халықаралық деңгейде де үлкен қызығушылық тудырғанын айтты.

Конференция барысында жаңа Конституцияның құқықтық жүйені дамытудағы және конституциялық мемлекеттілікті нығайтудағы рөлі жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ заң алдындағы теңдік, сот төрелігінің қолжетімділігі, заңнаманы жетілдіру, қоғамдық келісімді нығайту, адам құқықтарын қорғаудың заманауи сын-қатерлері, цифрлық құқықтарды дамыту, құқықтық мәдениетті арттыру және құқықтық ақпаратқа қолжетімділікті кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасы Конституциясына ғылыми түсіндірме әзірлеудің маңыздылығы да сөз болды.

Конференцияда жетекші қазақстандық ғалымдар, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері, жоғары оқу орындарының және сарапшылық қауымдастықтардың өкілдері баяндама жасады. Сонымен қатар Техас университетінің профессоры Ричард Альберт пен Франция халықаралық қатынастар институтының (IFRI) атқарушы төрағасы Тьерри де Монбриаль бейнеүндеу жолдап, Қазақстандағы конституциялық реформалардың демократиялық институттарды нығайтуға, құқық үстемдігін қамтамасыз етуге және мемлекеттің орнықты дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады.

Конференция аясында Үкіметтің «Инклюзивті қоғамға арналған Конституция» бастамасы шеңберінде Қазақстан Конституциясының Брайль қарпімен жарық көрген басылымының тұсаукесері өтті. Жоба Ата заң мәтінінің барлық азамат үшін қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Сондай-ақ Конституциялық соттың төрағасы Эльвира Әзімова мен «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Бекежан Жакеев Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуіне арналған пошта маркасын арнайы мөрмен айналымға енгізу рәсіміне қатысты.