Астанада халық санының өсуіне байланысты кәріздік тазарту құрылыстарының қуатын арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы «Астана су арнасы» кәсіпорны Elordainfo.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Қазіргі уақытта елордадағы негізгі кәріздік тазарту құрылысының жобалық қуаты тәулігіне 254 мың текше метрді құрайды. Ал су тасқыны кезінде келіп түсетін ағынды су көлемі тәулігіне 350 мың текше метрге дейін жетуі мүмкін.
Қала аумағының кеңеюіне және халқының көбеюі байланысты кәріз жүйесіне түсетін жүктеме артып келеді. Осыған орай қолданыстағы тазарту құрылысын жаңғыртып, оның қуатын тәулігіне қосымша 25 мың текше метрге ұлғайту көзделген.
Сонымен қатар тәулігіне 188 мың текше метр ағынды су қабылдайтын екінші кәріздік тазарту құрылысын салу жоспарланған.
Бұдан бөлек, «Көктал-1» тұрғын алабында тәулігіне 60 мың, «Өндірісте» 10 мың және Индустриялық парк аумағында 15 мың текше метр су тазартатын жергілікті нысандар салу қарастырылып отыр.
«Астана су арнасының» мәліметінше, аталған жобаларды 2028-2029 жылдары аяқтау жоспарланған.
Бұған дейін унитаз бен раковинаға не тастауға болмайтыны туралы жазған едік.