15 қарашада Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының құрылғанына 35 жыл толады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Театрдың 35 жылдық мерейтойына арналған бағдарлама аясында 15 қараша күні сағат 10.00-де ҚР Ұлттық кітапханасында конференция және «Ұлттық театр» кітабы мен театрдың шығармашылық құрамының өмір жолына арналған кітапшалардың тұсаукесері өтеді.
Мерейтойлық бағдарлама Қалибек Қуанышабев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында жалғасады. Сағат 12.00-де Жақып Омаров атындағы кіші сахнаның ашылуы және театрдың негізін қалаушы режиссердің жеке автопортретінің тұсаукесері ұйымдастырылып, 12.30-да театрдың аға буын актерлерінің портрет галереясының тұсаукесерімен жалғасады.
16.00-де театр фойесінде актерлердің Қызыл кілем салтанатты шеруі, 17.00-де үлкен сахнада көрермен назарына мерейтойлық шығармашылық кеш ұсынылады.
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының 35 жылдық мерейтойы – театр тарихындағы айтулы белес, ұжымның бірнеше буын өкілдерінің шығармашылық жолын ұлықтайтын маңызды мәдени оқиға.
