Елордада құрылыс саласы қызметкерлеріне есірткі қылмысының құқықтық салдары түсіндірілді
«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы мен «Астана – есірткісіз қала» кешенді жоспарын іске асыру аясында «Алматы» ауданының прокуратурасы «Алматы» ауданы әкімдігімен бірлесіп құрылыс саласының қызметкерлерімен профилактикалық кездесу өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы прокуратурасына сілтеме жасап.
Іс-шара барысында қатысушыларға есірткі қылмыстарының алдын алу шаралары, азаматтарды интернет және мессенджерлер арқылы есірткінің заңсыз айналымына тарту тәсілдері, сондай-ақ есірткі құралдарын таратуға қатысудың құқықтық салдары түсіндірілді.
Кездесу барысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Балалардың терезеден құлап кету жағдайларының жиілеуіне байланысты қатысушыларға терезе ашылуын шектейтін құрылғыларды орнатудың қажеттілігі және жас балаларды қараусыз қалдыруға жол бермеу туралы ескертілді.
Астана қаласының прокуратурасы азаматтарды заң талаптарын сақтауға, балаларды тәрбиелеуге жауапкершілікпен қарауға және қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бірлесіп атсалысуға шақырды.