Астанада 4 мыңнан астам жас жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысты
Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев қалалық Коммуникациялар қызметі алаңында елордадағы жастарды қолдау жобалары, жұмыспен қамту бағдарламалары, волонтерлік бастамалар мен әлеуметтік бағыттағы шаралар туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Елордада жастардың білім алуына, жұмыспен қамтылуына, өзін-өзі дамытуға және қоғамдық өмірге белсенді қатысуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жалғасуда.
Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде Астанада 516 мыңнан астам жас азамат тұрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 35 мыңға көп. Қаланың 20 жоғары оқу орнында шамамен 112 мың студент білім алуда.

Жұмыспен қамтуды қолдау және кәсіби дағдыларды дамыту
Басым бағыттардың бірі – жастарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу. Еңбек мобильділігі орталығымен бірлесіп «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Қоғамдық жұмыстар» және басқа да мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 4 мыңнан астам жас қамтылды.
Биыл жастар мен азаматтардың өзге де санаттарын жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған 19 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді.
«Жасыл ел» жобасы белсенді түрде іске асырылуда. Соның нәтижесінде екі ай ішінде 3 725 жас жұмыспен қамтылды. Маусым соңына дейін 5 200 қатысушыны жұмыспен қамтамасыз ету жоспарлануда.
JOLTAP және «FREELANCE МҮМКІНДІК» жобалары аясында сұранысқа ие 17 мамандық пен цифрлық құзыреттер бойынша қысқа мерзімді оқыту жүргізілуде. Бірінші жартыжылдықта жұмысшы мамандықтары бойынша 1 843 адам, цифрлық дағдылар бойынша 1 162 адам оқытудан өтті. 2026 жылдың соңына дейін 8 мыңнан астам маманды даярлау жоспарланып отыр.
Экологиялық бастамалар және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру
Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне жастарды жұмылдыруға бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын іске асыруға ерекше назар аударылуда.
Жыл басынан бері экологиялық эстафеталар, Есіл өзенінің жағалауын тазарту акциялары, ағаш отырғызу, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және қалдықтарды сұрыптау бойынша шеберлік сабақтары өткізілді. Іс-шараларға елорданың 150 мыңнан астам жас тұрғыны қатысты. Акция аясында 18 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, 300-ден астам саябақ пен 95 ескерткіш аумағы тазартылды, 300 ағаш отырғызылды.
Құқық бұзушылықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау
«Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында құқық қорғау органдарымен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жалпы қамтуы 120 мыңнан асатын 80-нен астам іс-шара өткізілді. Олардың қатарында құқықтық квесттер, автожорықтар, жастар кездесулері, спорттық турнирлер және Наурыз мерекесі кезінде жұмыс істеген «Заң және тәртіп» тақырыптық киіз үйі бар.
Жастар арасында есірткінің алдын алуға бағытталған ESIRTKISIZ ELORDA жобасы ерекше орын алады. Жыл басынан бері психологтардың қатысуымен кездесулер, дәрістер мен тренингтер өткізіліп, 700-ден астам студент қамтылды. Прокуратурамен, Полиция департаментімен және аудандық әкімдіктермен бірлесіп, есірткі жарнамаларын бояп өшіру бойынша 219 рейд ұйымдастырылды.
Волонтерлік және патриоттық тәрбие
«Астана жастары» жастар ресурстық орталығы қызметінің негізгі бағыттарының бірі – волонтерлік қозғалысты дамыту. Барлық еріктілер «Волонтерлер мектебінде» оқудан өтіп, алғашқы көмек көрсету негіздерін, Қазақстан тарихын, коммуникация дағдыларын және ірі іс-шараларда жұмыс істеу машықтарын меңгереді.
Волонтерлер халықаралық және республикалық іс-шараларды ұйымдастыруға белсенді қатысады, қарт адамдарға көмек көрсетеді, қайырымдылық және экологиялық акциялар өткізеді. Тек қысқы кезеңде «Қамқорлық мекенжайлары» акциясы аясында 35 жалғызбасты зейнеткерге көмек көрсетілді, ал қар тазалау жұмыстарына 1 200-ден астам ерікті қатысты.
Әскери-патриоттық тәрбие де маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. «Жас сарбаз» жобасы аясында елорданың 111 мектебі мен 34 колледжінде шамамен 2 мың тәрбиеленушіні біріктіретін бейіндік сыныптар мен клубтар жұмыс істейді.
Жас отбасыларды, студенттерді қолдау және жастардың бос уақытын ұйымдастыру
Отбасы институтын нығайту мақсатында «Отбасы – бақыт мекені» жобасы жүзеге асырылып, оның аясында оқыту семинарлары, шеберлік сабақтары, спорттық және шығармашылық іс-шаралар өткізіледі. Жыл басынан бері оларға 300-ден астам жас отбасы қатысты.
Қалада сондай-ақ 8 аула клубы мен 7 «Замандас» жастар коворкингі жұмыс істейді. Оларға негізінен әлеуметтік осал санаттағы шамамен 4 500 бала мен жас қатысады. Олар үшін спорттық және шығармашылық бағыттағы 124 үйірме мен секция тегін жұмыс істейді.
Студенттік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта елордада 65 студенттік жатақхана жұмыс істейді, ал 2026 жылы тағы 2 916 орындық үш жатақхана ашу жоспарланып отыр. Бұл студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін толық шешуге мүмкіндік береді.
Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы жастар ұйымдарымен, депутаттық корпуспен, білім беру ұйымдарымен және мемлекеттік органдармен тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруда. Жұмыспен қамту, білім беру, волонтерлік, патриоттық тәрбие, жас отбасыларды қолдау және жастар инфрақұрылымын дамыту салаларындағы жобаларды кешенді іске асыру жас ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасап, оның елорданың қоғамдық өміріндегі рөлін арттыруға ықпал етеді.