Абай облысындағы ірі орман өрті оқшауланып, толық сөндіру жұмыстары жалғасуда
Бородулиха ауданындағы орман өрті бүгін сағат 9:45-те оқшауланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Өртті сөндіру жұмыстарына Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты «Семей орманы» және «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваттарының қызметкерлері, «Қазавиаорманқорғау» РМҚК, сондай-ақ Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Қорғаныс министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және жергілікті атқарушы органдардың күштері жұмылдырылды.
Жалпы өртті сөндіруге 769 адам, 191 бірлік жерүсті техникасы және 8 тікұшақ тартылды. Өртті сөндіру басталғаннан бері авиация арқылы 319 рет су төгіліп, өрт ошағына 709 тонна су жеткізілді.

«Премьер-Министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Абай облысына келіп, аймақ басшысы Берік Уәлимен бірге жұмылдырылған күштер мен құралдардың жұмысын үйлестірді. Сондай-ақ Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен облыс әкімі Берік Уәли өрт аумағын тікұшақпен әуеден бақылап, жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты», деп хабралады ведомствода.
Қазіргі уақытта өртті толық сөндіру және өрт ошағын бақылау жұмыстары жалғасуда.

Еске салсақ, Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша «Семей орманы» аумағындағы жұмыстарды үйлестіру үшін төтенше жағдайлар және экология министрлері өңірге жіберілген болатын.