БҰҰ-ның Ливандағы UNIFIL базасында еліміздің көк туы көтерілді
БҰҰ-ның Ливандағы Уақытша күштерінің (UNIFIL) базасында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеру рәсімі салтанатты түрде өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шараға үнді батальонының командирі полковник Прасун Сингх, батальонның әскери қызметшілері, сондай-ақ қазақстандық бітімгерлер контингентінің командирі аға лейтенант Талғат Исмайылов пен ұлттық құрамның барлық мүшелері қатысты.
«Салтанатты рәсім барысында полковник Прасун Сингх база аумағында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын ресми түрде көтерді. Қазақстан, Үндістан және Біріккен Ұлттар Ұйымының әнұрандары орындалғаннан кейін үнді батальонының командирі қазақстандық бітімгерлерді құттықтап, алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі. Сонымен қатар, ол ұлттық контингент командиріне UNIFIL миссиясының естелік белгісін табыстады», деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.


Айта кетейік, Мемлекеттік туды көтеру рәсімі – UNIFIL миссиясының дәстүрлерінің бірі. Бұл рәсім ұлттық контингенттің база аумағында ресми түрде қызметін бастағанын білдіреді және олардың халықаралық міндеттерді орындауға дайын екенінің белгісі саналады.
Еске салсақ, Қазақстаннан 11 бітімгер Ливанға БҰҰ-ның Уақытша күштері (UNIFIL) құрамында қызмет атқаруға аттанған болатын. Олар алты ай бойы бітімгерлік міндеттерін орындайды.