«Астана Опера» Сочидегі халықаралық фестивальдегі гастролін аяқтады
«Астана Опера» театры Сочи қаласында өткен «Сириус – Роза Хутор» халықаралық өнер фестиваліндегі гастролін аяқтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Өнер ұжымының қорытынды кешінде ұсынылған Nomad Ballet бағдарламасы Ұлы дала тарихы мен мәдениетін заманауи хореографиямен ұштастырып, ұлттық өнердің жаңа тынысын танытты.
«Роза Холл» концерт залында театрдың балет әртістері мен HasSak этно-фольклорлық тобы өнер көрсетті. Би өнері, дәстүрлі музыкалық аспаптардың үні, сахнаның безендірілуі біртұтас көркем кеңістік қалыптастырып, ұлттық болмыс, ел тарихы және ұрпақтар сабақтастығы тақырыптарын терең аша түсті», делінген хабарламада.
Бағдарламаға «Той бастар», «Аралым», «Қилы заман», «Мәңгүрт» және өзге де қойылымдар енді. Сонымен бірге «Мәңгіліктің төрт сыры» жаңа балетінен дуэт орындалды. Кеш «RUH» қойылымымен аяқталып, балет әртістері мен HasSak тобының өнерпаздары бір сахнада өнер көрсетті.

Хореограф Сұлтанбек Ғұмардың қойылымдары ұлттық болмысты классикалық және заманауи бидің үйлесімі арқылы әсерлі жеткізді. Қойылымдарда хореографияның ұлттық саз аспаптарының үнімен ұштасуына айрықша мән берілді.
Айта кетейік, «Астана Операның» гастролі 11-16 шілде аралығында өтті. Осы күндері театр Лео Делибтің «Коппелия» балетін Ролан Петидің хореографиясымен және әлемдік классика мен заманауи хореография туындыларынан құралған гала-концертті де ұйымдастырды.
Еске салсақ, 18 шілдеде Түркістанда Шәмші Қалдаяқовтың әндеріне арналған «Шәмші әндері» өнер фестивалі өтеді.