Энергетика министрлігінде энергетика саласына ЖИ-ді енгізу жайы талқыланды
Энергетика министрлігінде өткен Қоғамдық кеңес отырысында Энергетика саласына жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу, сондай-ақ электр станцияларының цифрлық егіздерін дамыту және оларды білім беру бағдарламаларына ықпалдастыру жайы талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
Қатысушыларға энергетика саласында жасанды интеллектіні қолдануға бағытталған пилоттық жобалар таныстырылды. Олардың қатарында ұшқышсыз ұшу аппараттары мен жасанды интеллект технологияларын пайдалану арқылы электр беру желілеріне ақаулық диагностикасын жүргізу жобасы ұсынылды. Жоба аясында екі күн ішінде электр беру желілерінің 618 тірегі тексеріліп, 2 мыңнан астам кескін өңделіп, шамамен 6,8 мың ақау анықталды. Бұл ретте зақымдануларды тану дәлдігі 98 пайызға жетті.
Сондай-ақ акустикалық резонанс технологиясы негізінде жылу желілерінің құбырішілік роботтандырылған диагностикасы жобасы таныстырылды. Шымкент қаласында іске асырылған пилоттық жоба барысында 1,2 шақырымнан астам жылу желісі тексеріліп, жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалатын шығын 70 пайыздан аса қысқарды.
Шара қорытындысы бойынша Қазақстанның энергетика саласында цифрлық шешімдерді одан әрі дамыту және кең ауқымда енгізу жөнінде ұсыныстар әзірленді.
Еске салайық, бұған дейін елімізде мұнай өнімдерін өткізу цифрландырылып жатқаны туралы жаздық.