Референдум-2026

Елорданың «Ататүрік» саябағында қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында рейд өтті

Елорданың «Ататүрік» саябағында қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында рейд өтті
Фото: Ернұр Сағымбек

Астанада «Заң мен тәртіп» қағидаты мен «Таза Қазақстан» бастамасы аясында қоғамдық орындарды таза ұстауға және абаттандыру қағидаларының сақталуын бақылауға бағытталған кезекті профилактикалық рейд ұйымдастырылды. Рейд Байқоңыр ауданындағы Ататүрік саябағында өтті. Рейдке аудан әкімдігі мен Байқоңыр аудандық полиция басқармасының қызметкерлері қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Рейд барысында тұрғындарға қоғамдық орындарды таза ұстаудың маңызы түсіндіріліп, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған ақпараттық буклеттер таратылды. Сондай-ақ абаттандыру қағидаларын сақтау, қоғамдық орындарды ластамау және құқық бұзушылықтардың алдын алу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

«Бүгін саябақты аялау және қадірлеу мақсатында тұрғындарға ақпараттық буклеттер таратып жатырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Таза Қазақстан – бұл жай ғана акция емес, бұл әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс», – деп атап өткен болатын. Сондықтан абаттандыру ережелерін сақтау – барлығымызға ортақ міндет. Абаттандыру ережелерін бұзу қоғамдық орындарға қоқыс тастауды, темекі тұқылын жерге лақтыруды, жасыл желектерді бүлдіруді, гүлдерді жұлуды, көшедегі орындықтарды, қоқыс жәшіктерін және өзге де мүліктерді зақымдауды қамтиды. Мұндай құқық бұзушылықтар үшін заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Біздің басты мақсатымыз – айыппұл салу емес, тұрғындардың экологиялық мәдениеті мен жауапкершілігін арттыру. Өйткені таза қала – әрбір тұрғынның мәдениетінің көрсеткіші. Осындай іс-шараларды полиция басқармасымен және аудан әкімдігімен бірлесіп өткізіп келеміз. Жыл басынан бері бес ауқымды іс-шара ұйымдастырылды. Жалпы, күнделікті біздің мамандар қоғамдық тәртіп пен тазалықтың сақталуын тұрақты түрде қадағалайды», – деді Астана қаласы Байқоңыр ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Нұрислам Батырбек.

Рейд кезінде полиция қызметкерлері тұрғындарға қоғамдық тәртіпті сақтау талаптарын түсіндіріп, заңнамада көзделген жауапкершілік жөнінде ақпарат берді. Мамандардың айтуынша, мұндай профилактикалық шаралардың негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтарды анықтаудан бұрын олардың алдын алу және тұрғындардың жауапкершілігін арттыру.

«Қазіргі таңда «Таза қала» акциясы аясында профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Рейд барысында азаматтар тарапынан құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады. Қазіргі уақытта аудан әкімдігімен бірлесіп профилактикалық рейдтер ұйымдастырылып жатыр. Басты мақсатымыз – тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, құқық бұзушылықтардың алдын алу. Алайда заң талаптарын өрескел бұзған азаматтар міндетті түрде жауапкершілікке тартылады. Мысалы, қоғамдық орындарда спирттік ішімдіктер ішкен азаматтар анықталған жағдайда, олар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар саябақтар мен өзге де қоғамдық орындарға қоқыс қалдыру, бөтелке, пакет және тұрмыстық қалдықтарды тастау сияқты әрекеттер де назарға алынады. Мұндай құқық бұзушылықтар үшін тиісті әкімшілік шаралар қолданылады. Жаз мезгілінде тұрғындардың басым бөлігі бос уақытын сыртта өткізеді. Осыған байланысты қоғамдық тәртіпті сақтау және қаланың тазалығын қамтамасыз ету мақсатында күн сайын, әсіресе кешкі уақытта, тұрақты рейдтік жұмыстар жүргізіліп келеді», – деді Астана қаласы Полиция департаменті Байқоңыр аудандық полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Абзал Әбілдаев.

Айта кетейік, мұндай профилактикалық рейдтер елорда аудандарында тұрақты түрде өткізіліп келеді. Іс-шаралардың негізгі мақсаты – тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоғамдық орындарда тазалықты сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу.