«Дені сау бала – дені сау ұлт»: елорда балабақшаларында спорттық апталық өтті
Астанада 13-17 шілде аралығында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында балалардың бойында салауатты өмір салты құндылықтары мен тәртіп мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Дені сау бала – дені сау ұлты» атты спорттық ойын-сауық апталығы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігіні сайтына сілтеме жасап.
Ауқымды іс-шараның қорытындысы ретінде «Sun City» балабақшасында ата-аналардың қатысуымен салтанатты жиын мен ұлттық ойындар керуені ұйымдастырылды. Іс-шараның қонағы Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясының бас хатшысы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мақсат Шотаев болды.

Бағдарлама аясында өткен Ұлттық ойындар керуені бойынша балабақша ауласында, сонымен қатар ұлттық бөлмеде құрылған этно-аялдамаларда балалар мен ата-аналар үшін күш пен бірлікті сынайтын «Арқан тартыс», мергендікке баулитын «Асық ату» және ойыншық аттармен «Көкпар», зияткерлік «Бесдемше» ойындары ұйымдастырылды.

«Апталық нәтижесінде балалардың физикалық белсенділігі артып, «Заң мен тәртіп» ұғымын терең түсінді, яғни қарапайым ойын ережесін сақтау, өз кезегін күту, тазалық сақтау сияқты қағидаларды сақтаудың маңызын ұғынды», - делінген хабарламада.