Референдум-2026

Мақсат Бақтыбазаров: Бокстан U23 санаты үшін жеке Қазақстан чемпионатын өткізуді ұсынамын

Мақсат Бақтыбазаров: Бокстан U23 санаты үшін жеке Қазақстан чемпионатын өткізуді ұсынамын
Фото: Қазақстан бокс федерациясы

U23 ерлер құрамасының аға жаттықтырушысы Мақсат Бақтыбазаров 5-16 шілде аралығында Индонезия астанасы Джакартада өткен Азия чемпионатының қорытындысын шығарып, команда өнеріне оң бағасын берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

«Азия чемпионатын жақсы деңгейде өткіздік деп есептеймін. Жігіттер өз мүмкіндіктерін көрсетті. 10 салмақ дәрежесінің 8-інде жеңіс мүмкіндігі тең болды. Әсіресе, 55 келідегі Бексұлтан Боранбек пен 60 келідегі Нұрасыл Төлебек жақсы қырынан танылды. Дегенмен, ешкімді бөліп-жармаймын. Барлық спортшы бар күшін салды. Нәтижесінде 3 алтын, 4 күміс, 1 қола жүлде иелендік», – деді бапкер.

Жаттықтырушының айтуынша, Азия чемпионатындағы бәсекелестік деңгейі жыл сайын артып келеді. Көптеген құрамалар барлық салмақта спортшы қоспаса да, өздері басымдық берген бірнеше салмақта өте мықты боксшыларын қатыстырады.

«Жалпы, Азиядағы бокс деңгейі жылдан жылға өсіп келеді. Қазақстан, Өзбекстан, Үндістан құрамасы тұрақты түрде барлық салмақта ғана өнер көрсеткенімен, басқа елдер де 3-4 салмақта бізге айтарлықтай қиындық туғызады. Мысалы, 50 келідегі Жапония боксшысының жылдам қимылын айтпай кетуге болмайды», – деді ол.

Бақтыбазаровтың сөзінше, ендігі кезекте бапкерлер штабы жарыс қорытындысын саралап, жіберілген қателіктермен жұмыс жүргізеді.

Сонымен қатар ол U23 жас санатындағы боксшылар үшін жеке Қазақстан чемпионатын өткізуді ұсынды. Оның пікірінше, мұндай жарыс жастардың дайындық деңгейін арттырып, олардың әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді.

«Жас спортшылар ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының алғашқы кезеңдерінде-ақ фавориттермен кездесіп қалып жатады. Соның салдарынан олар өз әлеуетін толық аша алмай қалуы мүмкін», – деп қорытындылады Мақсат Бақтыбазаров.

Айта кетейік, 2025 жылы Бақыт Сәрсекбаевтың идеясы арқылы алғаш рет Талдықорған қаласында U22 Қазақстан чемпионаты өткен еді. Алайда ол жоба 2025 жылдан кейін тоқтап қалған еді.

Бұған дейін ел құрамасы бокстан U23 Азия чемпионатын алты алтын медальмен аяқтағанын жаздық.