Ел құрамасы бокстан U23 Азия чемпионатын алты алтын медальмен аяқтады
Индонезияның Джакарта қаласында бокстан U23 жас санатындағы Азия чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық олимпиадалық комитетке сілтеме жасап.
Соңғы жарыс күнінің кешкі сессиясында U23 жас санатында ерлер арасында ақтық бәсекелер өтті. Нәтижесінде отандастарымыз үш алтын, төрт күміс медаль жеңіп алды.
Аман Қонысбек 75 келіге дейінгі салмақтың финалында Қырғызстан өкілі Алмаз Оразбековты жеңді.
Темірлан Мұқатаев 85 келіге дейінгі салмақта Норбек Абдуллаевты (Өзбекстан) тізе бүктірді.
Сондай-ақ Ибрагим Бетаев өзбекстандық Самир Сабировтен басым түсті.
Ал Бексұлтан Боранбек 55 келіге дейінгі салмақтың финалында Үндістан өкілі Гангадан жеңілді.
Нұрасыл Төлебек 60 келіге дейінгі салмақта Жапония боксшысы Коичи Накаямаға есе жіберді.
Нұрбек Мұрсал 70 келіге дейінгі салмақтың финалында өзбекстандық Абдуллох Мадаминовтан жеңілді.
Өнер Сейілхан 80 келіге дейінгі салмақта Өзбекстан өкілі Фазлиддин Еркинбоевке жол берді.
Осылайша, U23 жас санатында Қазақстан құрамасының еншісінде 6 алтын, 7 күміс және 3 қола медаль бар.
Еске салсақ, U23 жас санатында әйелдер арасында бұрымды боксшыларымыз үш алтын, үш күміс жүлдеге қол жеткізген болатын.
Сондай-ақ ел құрамасы U19 Азия чемпионатын бес алтын медальмен аяқтағанын жаздық.