«Air Astana»-да 1 млрд теңгеден астам қаржы жымқыру ісі бойынша үкім күшінде қалды
Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық алқасы «Air Astana» АҚ-да 1 млрд теңгеден астам қаражатты жымқыру және қылмыстық кірістерді заңдастыру ісі бойынша үкімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, қылмыстық схеманы ұйымдастырушы 9 жылға, оның екі сыбайласы 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ барлық сотталғандардың мүлкі тәркіленіп, оларға 5 жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда лауазымды қызметтерді атқаруға тыйым салынды.
«Сот жәбірленуші тараптың 1 млрд теңгеден астам сомаға берген азаматтық талап-арызын қанағаттандырды. Тәркіленген мүлік келтірілген шығынды өтеуге бағытталады», делінген хабарламада.
Апелляциялық инстанция қорғаушы тараптың уәждерін қарап шығып, үкімді өзгеріссіз, ал шағымдарды қанағаттандырусыз қалдырды.