Референдум-2026

Нұржан Нұржігітов: Суды тиімді пайдалану – бүгінгі күннің басты талабы

Бүгін, 14:29
Думан Аманжол Думан Аманжол
Нұржан Нұржігітов: Суды тиімді пайдалану – бүгінгі күннің басты талабы
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

26 жылдан кейін алғаш рет «Жетікөл» каналы тазартылып, 29 гидротехникалық нысан жөнделді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Қызылорда облысының Сырдария ауданының тұрғындарымен есептік кездесу өткізді.

Кездесуде Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясы мен «Қазсушар» РМК облыстық филиалының басшылары өңірдегі су шаруашылығы саласының қазіргі ахуалы және вегетация кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Жыл басынан бері Қызылорда облысында жалпы ұзындығы 71,5 шақырымды құрайтын 15 канал механикалық тәсілмен тазартылды. Сонымен қатар 29 гидротехникалық нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді. 26 жылдан кейін алғаш рет ұзындығы 16,5 шақырым болатын «Жетікөл» каналының учаскесі мен «Ақтам» каналының сағасы тазартылып, 6 гидротехникалық нысан жөнделді.

2025-2026 жылдары инвестициялық бағдарлама аясында жалпы ұзындығы 33,3 шақырымды құрайтын «Келінтөбе» магистральдық каналының, Р-12 және «Құрайлы» каналдарының учаскелерін тазарту жұмыстары аяқталды. Бұдан бөлек, 4 гидротехникалық нысанға кешенді жөндеу жүргізілді.

2026 жылғы вегетация кезеңіне Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясы Қызылорда облысы үшін 3,25 млрд текше метр көлемінде су пайдалану лимитін бекітті. «Қазсушар» РМК-ның облыстық филиалы Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген биллинг жүйесі арқылы өңірдің шаруаларымен су беру жөнінде 1010 электронды келісімшарт жасасты. Бұл келісімшарттар 118 мың гектар егіс алқабын, оның ішінде 70 мың гектар күріш алқабын сумен қамтамасыз етуді көздейді. Бүгінде филиал өңірдің ауыл шаруашылығы қажеттіліктері үшін 2,23 млрд текше метр су алды.

«Суды ұтымды пайдалану бүгінде тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Су ресурстарын ысырапсыз әрі барынша тиімді пайдалану – таңдау емес, қазіргі жағдайдағы қажеттілік. Осы мақсатта өңірде каналдарды бетондау, су үнемдеу технологияларын енгізуді ынталандыру және егіс құрылымын әртараптандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ылғалды көп қажет ететін дақылдардың егіс алқабы жыл сайын қысқартылып келеді», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Баяндамаларды тыңдаған министр Сырдария ауданы тұрғындарының суармалы жерлерге судың тұрақты жеткізілуі, су үнемдеу жүйелерін енгізу және су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуға қатысты қойған сұрақтарына жауап берді.